Құқық қорғау органдарыҚылмыс

Петропавлда синтетикалық есірткі саудалаған адам ұсталды

Есірткілік масаң күйде ұсталды. Петропавлда зиянды затты «Telegram» каналы арқылы саудалаған 28 жастағы қала тұрғыны құрықталды. Одан жалпы көлемі 500 граммға тарта наша тәркіленді. Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторында.

Күдікті қаланың қақ ортасында құрықталды. Нақтырақ айтсақ, тәртіп сақшылары 92-ші жылғы жігітті такси көлігінде есірткілік масаң күйде қолға түсіріпті. Кейін, мамандар оны тінткен. Осы кезде бірнеше грамм зиянды зат табылған. Ер адам нашаның негізгі бөлігін пәтерде сақтапты. Полицейлер оның баспанасынан тағы 500 граммға тарта есірткі мен оны әзірлеуге арналған құралдарды тәркіледі.

Күдікті осыған дейін есірткі сақтағаны үшін сотталған екен. Ол өткен жылдың көктемінде ғана бостандыққа шығыпты.

Темірхан Есжанов – Петропавл қ. ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі:

– Күдіктінің үстінен есірткіні заңсыз дайындап, тасымалдағаны үшін ҚР ҚК 297-ші бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу істері жүргізіліп жатыр. Ұсталған азамат қазір уақытша ұстау изоляторында отыр.

Заң бұзушының кінәсі делелденсе, қанша жылға бас бостандығынан айрылатындығы әлі белгісіз. Жалпы, жыл басынан бері өңірде есірткі бизнесіне қатысты 37 қылмыстық іс әшкереленген. Мұның нәтижесінде 1400 граммнан астам түрлі зиянды зат тәркіленіпті.

Маржан Касымбек