МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік органдарға жүргізілген сыртқы талдау жұмысы

Өткен жылы 2 бірдей орман шаруашылығында жемқорлық фактісі тіркелген. Қоқыс полигондарына да қатысты айтар бар. Жауапты серіктестік тұрмыстық қалдықтарды жинау технологиясын сақтамайтын көрінеді.

Бірі қызметін асыра пайдаланды, бірі пара алды. Осындай сарындағы жаңалықтарды жиі еститін жағдайға жеттік. Мұны болдырмасқа мықты бақылау жүргізу аса маңызды. Осы орайда жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары әр мемлекеттік органның, әр ұйымның жұмысына сыртқы талдау жүргізуде.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Біз жуырда өңірдің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына және облыс бойынша экология департаментіне сыртқы талдау жүргізген болатынбыз. Екі мекеменің де жұмысынан көптеген олқылықтар анықталды.

Бұл қандай олқылықтар – кезекпен тоқталайық. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында лауазымды тұлғалар қолдағы билікті жиі асыра пайдаланады екен. Мәселен, 2019 жылы Соколов орман шаруашылығының директоры орманшыға ағаштарды кесуге рұқсат беретін жалған құжат жасап берген. Ол үшін 225 мың теңге алып, ақыры айыппұл төлеп құтылған. Осыған ұқсас қылмыспен Қызылжар ауданындағы орман шаруашылығы инспекциясының директоры да ұсталып, 6 жылға сотталып кетті.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Бұл жағадайда пара алу кұны 5 есеге көп. Басшы көлемі 1600 текше метр орманды кесуге рұқсат беретін жалған құжатты 1 млн теңгеге жасап берген. Тағы өткен жылы аймақта заңсыз аң аулаудың 12 фактісі тіркеліпті. Орын алып жатқан бұзушылықтар көп.

Бұзушылықтар қоқыс полигондарында да жететін. Тұрмыстық қалдықтарды жою шаруасын өңірде “Қызылжар-Тазалық” серіктестігі атқарады. Мұндағы мамандар қоқысты жинау технологиясын сақтамайды екен. Салдарынан полигондар жазда жиі өртеніп жатады. Ал мұның атмосфераға қаншалықты зиянды екенін айтпасақ та болатын шығар. Ара-арасында шаһарды жалмайтын мүңкіген иіске де осы жауапсыздық себеп. Өткен жылы облыста қоршаған ортаға жалпы сомасы 58 млн теңгенің зардабы келтірілген. Бірақ, шығынның небәрі 19 млн-ы өтеліпті.

 

 

Ешкенова Дана