МТРА жаңалықтары

Бюджеттік ұйымдар қазына қаражатын жөнді жұмсап жатыр ма?

Мемлекеттік мекемелердің шығындары – алақандағыдай. Былтырдан бері елімізде ашық бюджеттердің интерактивті картасы жұмыс істейді. Интернет сайты арқылы әр азамат қазына қаржысының қайда жұмсалып жатқанын қарай алады. Алайда, ұйымдар енгізген  экрандағы ақпарат  шығындардың нақты сомасымен сәйкес келе ме? Мұны бүгін «Qyzyljar – аdaldyq alany» жобалық кеңсесінің мамандары тексерді. Журналистер мен белсенділер мекемелерге бас сұғып, бақылау жүргізді.

 Амангелді Сатанов – «Qyzyljar – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

 – Былтырдан бастап ашық бюджеттердің интерактивтік картасы іске қосылды. Бұл карта арқылы әр мемлекеттік ұйым өз шығындарын тіркейді.

Басқармалар, мектептер, ауруханалар мен балабақшалар, қысқасы бюджеттік мекемелер, бөлінген қазына қаржысын қайда және қалайша жұмсап жатыр? Портал осыны бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Амангелді Сатанов – «Qyzyljar – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

 – Мысалы, орган күрделі жөндеу жүргізсе не әртүрлі тауар сатып алса осы картаға тіркейді. Бұл картаны әр тұрғын қадағалай алады.

Ал енді сөзден іске. “Адалдық алаңы” активистері Петропавлдағы 21-ші мектепке бас сұқты. Біз де еріп бардық. Өткен жазда ғимараттың қасбеті қалыпқа келтіріліп, 158 терезенің бәрі ағаштан пластикке алмастырылса керек. Интерактивті порталда осындай ақпарат жазылған.

Амангелді Сатанов – «Qyzyljar – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Картаға сенсек, бұған 21 млн теңге жұмсалған. Біз қоғам өкілдерімен бірге терезелер дұрыс салынды ма, ағаш терезелер қалған жоқ па – соның бәрін тексеріп жатырмыз.

Іште мектеп директоры қарсы алды бізді.

Терезелер ашыла ма, қалай болса солай орнатылмаған ба? Басты назарда – сапа! Бөлінген ақшаның өзге мақсатқа, одан қалды өзгенің қалтасына емес, әр тиынның сол жөндеуге жұмсалғаны да тексерілді. Мектептің есепшісін шақырып алып, белсенділер құжаттардың бәрін қарап шықты.

Бұл сайт бюджетті бұқараға ашық ете түседі. Қаржы қайда жұмсалды? Мекемелер барлық шығындарын осында енгізіп отыруға міндетті. Ал қоғам өкілдері мен активистер кез келген ұйымға, кез келген уақытта ескертусіз-ақ тексеріспен келуі мүмкін. Бұзушылық анықталса, іске жемқорлыққа қарсы қызмет кіріседі. Өйткені, басшының болмаған шығынды болды деп жазып, қаржыны қитұрқы әрекеттер арқылы қалтасына баспағанына кім кепіл?!

 

 

 

Саят Ермек