МТРА жаңалықтары

Биоқазандықтың тиімділігі

Қуаттылығы көмірден кем емес, пайдаланылуы арзанға түседі әрі экологияға тигізер кері әсері аз. Күзде далада қалатын сабанды жинап алып, нысанды жылытуға неге пайдаланбасқа. Қазір бұл әдіс өңірімізде біртіндеп қолға алынып келеді. Биоқазандық жағып отырған жандар оның тиімділігін айтуда. Өңірде өткен жылы 70 мемлекеттік мекемеде жылытудың баламалы тәсілін қолданудың арқасында 219 млн теңге үнемделген. Қызылжар ауданындағы Асанов орта мектебінің ұжымы биоқазандықты алғашқылардың бірі болып орнатқан.

Бұл – биоқазандық. Отын ретінде көмірдің орнына сабан қолданылады. Астықтың қалдығы мықтап буылып, мынадай теңдер әзірленген. Бір-біреуінің салмағы 200 келі тартады. Буылған сабан 4-5 сағат бойы жанады екен. Қызулығы көмірден кем емес, жылуды, тіпті, 3 есе көп беретін көрінеді.
Асанов орта мектебі жылытудың баламалы әдісін осыдан 5 жыл бұрын қолға алған. Мұғалімдердің сөзінше, биоқазандықтарды пайдаланудың арқасында мектептің іші үнемі жылы боп тұрады.

Гүлжан Камзенова – Асанов орта мектебі директорының міндетін атқарушы, Қызылжар ауданы:

– Қазандықты 2015 жылы «Аби-жер» серіктестігі орнатып берді. Сабанды да өздері әкеліп тұрады. Бұрын ата-аналар мектептің іші суық деп жиі шағымданатын. Қазір жұмысымызға ондай сын тақпайды. Оқушылар мектепте қыстыгүні де жеңіл жейде мен жаздық бәтеңкелерін киіп жүре береді.

Батареяларды ұстап көріп едік, қайнап тұр. Бөлме ішіндегі температураны өлшеу үшін термометр іздеп таппадық. Есесіне, мектеп ішінің үнемі жылы боп тұратынын жайқалған гүлдерден байқауға болады.
Мектепті қыс бойы жылытуға шамамен 500 дана тең пайдаланылады екен.
Айта кетейік, жалпы бүгінде өңір бойынша 70 бюджеттік ұйым жылытудың баламалы әдісіне көшірілген. Нәтижесінде өткен жылы облыстық бюджетке қатысты 219 млн теңге үнемделіпті.
Қазіргі уақытта биоқазандықтарға баса мән беріліп жатыр. Қондырғының қай жағынан алып қарасаң да тиімді екенін уақыт көрсетіп отыр. Жуырда өткен құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармаларының алқалы отырысында өңір жетекшісі жылытудың баламалы әдісін баспаналарда да қолдану қажеттігін айтқан болатын.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл аудандардағы 2 қабатты үйлерге 13 биоқазандық қою керек. Қондырғыға отын ретінде сабанды ғана емес, пеллеттерді де пайдалануға болады.

Жалпы, осы атқарылып жатқан жұмыстың тағы бір тиімді тұсы бар. Мәселен, күзгі жиын-терімнен кейін алқаптарда қаншама сабан қалады. Жер құрғап, егін себер уақытта оны көпшілігі жағады. Бақылаусыз қалған от орманға қауіп төндіреді. Егер жарамсыз қалған сабан үнемі биоотын ретінде жиналып отырса дала өрттері де азаяр ма еді.

 

 

 

 

Маржан Касымбек