БілімБалалар

Оқушылар арасында “Worldskills junior” атты шеберлік байқауы өтті

Электрмонтаждау мен шағын нысандарды жобалау. Петропавлда оқушылар арасында алғаш рет “Worldskills junior” атты шеберлік байқауы өтті. Жеткіншектер аталған екі бағыт бойынша өз өнерлерін көрсетті. Шараға 6 мектептен 20 оқушы қатысты.

Көктемде Жапонияда сакура ағашы гүлдейді. Табиғаттың осындай нәзік көрінісін Карина Гарцева фото аймағының дизайнын жасағанда негізге алған. Өнерлі жеткіншек өзінің экспозициясын жапон стилінде безендіріпті.

Карина Гарцева, №21 орта мектебінің оқушысы:

– Суретке түсуге арналған мына жерді “Жапон көктемі” деп атадым. Фото аймақты безендіру үшін 3 сағат бойы еңбектендік. Мәселен, сакураны жасауда гофрленген қағаз бен емен бұтақтарын пайдаландық. Жапон иероглифтері жазылған плакаттар да бар.

Ұлдардың арасында да өнерлі балалар жетерлік. Бұл байқауға Даниил Шишкевичтің де тобы қатысты. Олар “Электрмонтаждау жұмыстары” бағыты бойынша арнайы құралдар жасаған. Жас шебердің физикаға деген ынтасы зор. Тапсырманы орындауда осы қызығушылығының пайдасы тиген.

Даниил Шишкевич, “ЛОРД” дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатының оқушысы:

– Біздің тобымыз электр тұстама мен электр энергиясын пайдаланатын құралдардың үлгілерін жасады. Бұл – пәтерлердегі электр шамдарын орнататын құрылғылардың моделі. Бұл тапсырманы орындау үшін бізге кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттері көмектесті.

Жалпы, ұл-қыздар “Шағын нысандарды жобалау” және “Электрмонтаждау жұмыстары” деген бағыттар бойынша бақ сынасты. Айта кететін жайт, бұл шара мектеп оқушылары арасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Тамаша Сейітжанова, СҚКПК әдіскері:

– Сайысқа қалалық 6 мектептен 20 оқушы, сондай-ақ, тәлімгер ретінде колледж студенттері қатысып жатыр. Байқаудың мақсаты – халықаралық қозғалысқа мектеп оқушыларын қатыстыру және олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Жұмыс сапасын қазылар алқасы білікті сарапшылардың көмегімен бағалады. Үздіктерге 1, 2, 3-ші дәрежелі дипломдар мен сертификаттар табысталды.