МТРА жаңалықтары

Коронавирустың алдын алу шаралары әкімдік отырысында талқыланды

Коронавирустың алдын алу түйткілін  бүгін жергілікті атқарушы билік талқылады. Мәселе өңірлік әкімдік отырысында қаралды. Ведомство басшыларына  Құмар Ақсақалов бақылауды күшейтуді жүктесе, халықтан  дүрбелеңге салынбауды өтінді. Тағы облыс әкімі соңғы экономикалық оқиғалар  қымбатшылыққа әкеліп соқтырмайды деп сендірді. Сөзінше, азық-түлік пен тауарлардың қажетті қоры бізде бар.

Әкімдік отырысы әдеттегідей өңірдің дамуы жайлы баяндамадан басталмады әсте. Бұл жолғы басты тақырып – әлемді жалмаған індеттің алдын алу шаралары. Мектептерде каникул жарияланды, Наурыз мейрамын биыл ұлан-асыр тоймен ұлықтамаймыз. Жә, мұның бәрі жоғарыда айтылды. Құмар Ақсақаловтың пәрмені сол – бақылау мықты болуы керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қоғамдық көлік пен халық көп жиналатын орындар міндетті түрде ұдайы зарарсыздандырылып отыруы тиіс. Жауапты департамент мұны жіті қадағалауы керек. Сіздерден нақты ұсыныстар күтемін. Кәсіпорындар, зауыттар мен мекемелердегі санитарлық бақылау да күшейтілсін. Халықпен және туристік агенттіктермен де тығыз жұмыс жасап, оларға вирус өршіп тұрған елдерге шығудың қаншалықты қауіпті екенін түсіндіруіміз шарт.

Оқушылар қауымын демалыс күтіп тұрса, ЖОО-лардың студенттері онлайн-оқытуға көшіріледі. Заңды сұрақ – жергілікті университет бұған дайын ба? Басшылықтан сұрадық: дайынбыз деп сендірді.

Жанар Таласпаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:

– Электрондық жүйеге кіріп, оқытушыдан барлық лекциялық және практикалық сабақтар бойынша материалдарды алып, сол бойынша өздерінің жұмыстарын жазып, өткізіп отырады. Оны оқытушы тексеріп, қажетті ұпайды қойып отырады. Бұл жерде оқытуды YouTube каналдары, Skype, WhatsApp және электрондық пошта арқылы өткізуге болады.

Мыңға тарта “Серпін” студенттері тағы бар. Олар не істейді? Түстіктен білім қуа келгендерді үйлеріне жіберу жайы қарастырылып жатса керек. Бірақ, бұл әзірге нақты шешім емес. 200-ден астам үндістандық білім алушының мәселесі де қазір шешілуде. Қанша дегенмен, облыс әкімі бұқарадан дүрбелеңге салынбауды өтінді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл шаралардың бәрі қауіпсіздік мақсатында қабылданып жатыр. Осыны түсіну керек. Қазақстанда, оның ішінде біздің облыста КОВИД-19-ды жұқтыру фактісі тіркелген жоқ. Сондықтан, сабырлық сақтау қажет.

Коронавирустан бөлек, нарықтағы жағдай да қазір тұрақсыз. Мұнай арзандап, доллар бағамы күрт өсті. Осыны сылтауратқан кей дүкендер мен сауда орындары бағаны шарықтатып, қалталарын негізсіз қалыңдатып жатыр. Бұқара болса азық-түлік пен өзге тауарлар одан бетер қымбаттай ма деп алаңдап, жаппай сауда жасап әлек, бірақ алаңдауға себеп жоқ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекеттік органдар ең қажетті деген азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермеуі тиіс. Күн сайын сауда желілеріне барып, бақылау жүргізіңіздер. Бізде барлық тауарлардың қажетті қоры бар, ажиотаж болмауы керек.

Неізі, экономикалық мәселелерді біз, керісінше, өз пайдамызға шешуіміз керек деді әкім. Қалайша? Бәрі қарапайым: тауарларды шетелден импорттауды қысқартып, оларды өзімізде шығаруды бастау керекпіз. Бірақ, бұл тұрғыда әлі олқылықтар баршылық. Сондықтан, кей аудан әкімдері Құмар Ақсақаловтан сын естіді. Екі ай ішінде Тайынша мен Жамбылда – сүт, ал Қызылжарда жұмыртқа өндірісі қысқарған. Соңғысына кеңірек тоқталайық. Өңірдегі 5 құс фабрикасының 4-уі сол Қызылжар ауданында орналасқан. Яғни, олар күллі облысты қамтып отыр. 4-еудің екеуі, Якорь мен Бескөл фабрикалары, қазір аналық тауықтарын жаңартып жатса керек. Өндірістің қысқарғаны да сондықтан. Бірақ, бұл ертең жұмыртқа бағасына кері әсер етеді емес пе? Кім кінәлі?

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аналық құстарды екі фабрика неге бір уақытта жаңартып жатыр? Шаруаны кезек-кезек атқаруға болмады ма? Бұл ертең бағаның қымбаттауына әкелуі мүмкін. Аудандық әкімдік мұны ескермей, кәсіпорындармен тиісті жұмыс жасамаған. Ал ауыл шаруашылығы басқармасы мұны бақыламаған.

Наурызбен бірге 2020-ның алғашқы тоқсаны да аяқталады. Экономикалық көрсеткіштер төменге құлдырамай, жоғарыға өрлеуі тиіс. Облыс әкімінің алдында сөз алған басқарма басшылары өсімді қамтамасыз етеміз деп сендірді.

Саят Ермек