Спорт

Хоккейшілеріміз есеп айырмасын қысқартты

Соңғы үш ұтылыстан кейінгі жеңіс. Кеше кешке “Құлагер” құрамасы өз айдынында “Алматы” командасын тізе бүктірді. Жергілікті хоккейшілер плэй офф кезеңінің 4-ші бәсекесінде қарсыластарын 3 те 0 есебімен ойсырата жеңді. Осылайша құлагерліктер жалпы есеп айырмасын қысқартты.

Мұз айдынында – жергілікті “Құлагер” мен оңтүстікастаналық “Алматы” командалары. Теріскейлік құрама соңғы 3 жеңілістен кейін күш жинаған секілді. Себебі, ойын алғашқы минуттардан-ақ қыза түсті. Қос құрама да бір-біріне дес берер емес. Есеп 16-шы минутта ашылды. Шайба авторы – құлагерлік Станислав Логинов.

– Мен құлагерлік спортшылардың жеңіске жетуін тілеймін. Ойынның алғашқы 20 минуты қызықты өтті. Осы қарқыннан таймаса игі.

– Бүгін құлагерліктер жеңіске жетеді деп сенемін. Тек қана алға!

Ойынның екінші кезеңі басталды. Төреші шайбаны тастаған бетте теріскейліктер бірден шабуылға көшті. Бірақ, оңтүстікастаналықтар да оңай шағылар жаңағақ емес. Шабуылдарды үдетіп, құлагерліктердің қақпасына шайба дарытпақ болды. Бірақ, одан нәтиже шықпады. Ойынның соңғы минуттарында құлагерліктер қарсыластарының қақпасына 2 бірдей шайба салып үлгерді. Көзге түскендер: Денис Стасюк пен Станислав Логинов. Сонымен, таблодағы есеп – 3 де 0. Осылайша 2-ші период аяқталды.

Құлагерліктер қарқындарын 3-ші периодта одан әрі күшейтті. Жергілікті құрама қарсыластарына тек қорғаныста ойнауға мүмкіндік берді. Бірақ, есеп ашылмады. Сонымен, жеңіс жергілікті құраманың еншісінде.

Максим Первухин – «Qulager» ХК шабуылшысы:

– Әрине, жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Бұған дейін 3 рет есе жіберіп алдық. Оңтүстікастаналық құраманың ойыншылары мықты. Дегенмен, бүгін жеңіс бізге бұйырды. Осы қарқыннан таймай, жанкүйерлеріміздің сенімін ақтауға тырысамыз.

Енді қос қарсылас арасында 5-ші ойын өтеді. Кездесу наурыздың 14-і күні Алматы қаласында ұйымдастырылмақ. Жерлестеріміздің жолы болса, жанкүйерлер 6-шы бәсекені тамашалайды. Ал жеңіліс тапса, чемпионатты аяқтайды.

Дана  Ешкенова