Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елімізде коронавирусқа қарсы шаралар күшейтілді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы корОнавирусты пандемия деп жариялады. Бұл – эпидемияның төтенше қауіпті түрі. Әлемде дертке шалдыққандардың саны күннен-күнге артуда. Дәл наурыздың 12-сі вирусты жұқтырған 7 мыңнан аса адам тіркеліпті. Covid-19 қазір 117 мемлекетке тараған. Бұл тізімде Қазақстан жоқ. Десе де, елімізде қорғаныс шаралары күшейтіліп жатыр. Бұл туралы бірнеше сағат бұрын елордада өткен брифинг барысында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді.

Ағымдағы айдың 13-інен бастап барлық ауқымды шараларды өткізуге тыйым салынады. Биыл бірнеше күнге созылатын Наурыз мейрамы да ұйымдастырылмайтын болды. Мерекені тек отбасы ішінде атап өтуге рұқсат. Сондай-ақ, 16 наурыздан бастап мектеп оқушылары 20 күнге демалысқа шығады. Ал колледж бен университет студенттері қашықтықтан оқуға ауыспақ. Кинотеатрлар жабылып, жоспарланған спорттық ойындар жанкүйерлерсіз өтеді. Бұл ретте автобус жүргізушілері де қоғамдық көліктерін әр рейс жасағаннан кейін дезинфекциялауға міндеттелді. Айта кету қажет, базарлар мен сауда орталықтары қалыпты жұмысын жалғастыратын болады. Балабақшалар да карантинге жабылмайды.

Эльмира Садвокасова