Есіл ауданы мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша көш соңында. Билік өкілдері Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарымен тығыз жұмыс жасамаған көрінеді. Тиісті заңнамалар мен ережелерді түсіндірмеген. Бұл туралы бүгін Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында айтылды.
Қазіргі күні Есіл ауданында 150-ге жуық мемлекеттік қызметкер бар. Отырыстағылар ауданның мемлекеттік қызмет көрсету жайына тоқталды. Арнайы жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша тұрғындардың басым бөлігі мамандардың қабылдау жүргізулерінің сапасына наразы. Яғни, сапа бойынша Есіл ауданы ең соңғы – 14-ші орында тұр.
Алтынбек Абдоллаев – Есіл ауданының әкімі:
– Бұған Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары айыпты деп санаймын. Олар тұрғындарға көп жағдайда кейбір сұрақтар бойынша нақты жауап бере алмай жатады, ұзақ уақыт қызмет көрсетеді. Кейде қойылған сауал бойынша ақпаратты толық білмейді.
Алайда, кеңес мүшелері атқамінердің бұл жауабымен келіспей отыр. Айтуларынша мемлекеттік қызметкерлер Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарына тиісті заңнамаларды өздері түсіндірулері тиіс.
Нұрлан Нұрсейітов – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО бойынша басқармасының бастығы:
– Мемлекеттік қызмет түрлері көп. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарымен жүздесіп, тиісті ережелер мен заңнаманы, тұрғындардың сұрағына қалай жауап беру керек – соның бәрін түсіндіру қажет.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы Есіл ауданында ақсап тұрса, тайыншалықтар бұл бағытта үздік бестіктің қатарында. Былтыр мамандар халыққа 46 мың мемлекеттік қызмет көрсеткен екен.
Бердимурат Баймухан