Денсаулық сақтау

Қауіпті дерттің алдын алу жолында

Солтүстікқазақстандық дәрігерлер қауіпті дерттің алдын алу үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде өңіріміздің емдеу мекемелерінде 294 – инфекциялық және провизорлық бақылауға арналған 150 орын бар. 468 дәрігер арнайы оқытудан өтіпті. Сондай-ақ, ауруханалар 100 аталымнан аса антибиотиктер мен жеке қорғану құралдарымен тиісті көлемде қамтамасыз етілген.

Әлемде өршіген дерт – коронавирустың алдын алу шаралары өңірімізде белсенді жүргізіліп жатыр. Қазіргі күні 468 дәрігер арнайы оқытудан өткен. Тұрғындар арасында ауру белгілері байқалған жағдайда ақхалаттылар емдеуге дайын отыр дейді мамандар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша Қытай, Иран мен Оңтүстік Кореядан келген адамдар бірден тіркеуге алынып, денсаулығы тексеріледі. Бүгін олардың қатарына Италия да қосылды. Бұл – А1 категориясындағы елдер. Яғни эпидемиологиялық жағдайы нашар, дерт ең көп таралған мемлекеттер. Бұл елдермен шекара жабылғаннан бері облысымызға ешқандай азамат келмеген көрінеді.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Сондай-ақ, Б1, 2 және 3-ші санаттағы мемлекеттер бар. Олар – Франция, Германия, Испания секілді елдер. Қазіргі күні өңірімізде сол жақтан келген 100-ден аса адам бар. Олардың 5-уі қазір үйлерінде оқшауландырылды, яғни сыртқа шығуға болмайды. Жағдайлары – дәрігерлердің қатаң бақылауында. Ал қалғандарының хал-ахуалын ақхалаттылар 14 күн бойы телефон арқылы сұрастырып отырады.

Егер шетелден келген қонақтардың денсаулықтары нашарлап жататын болса, бірден дәрігерлерге жүгінеді. Ақхалаттылар оларды дереу инфекциялық стационарға әкетеді. Қазіргі күні өңірдегі емдеу мекемелерінде 294 – инфекциялық және провизорлық бақылауға арналған 150 орын бар.

Ботагөз Сүлейменова – №1 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

– Эпидемиологиялық жағдайы төмен елдерден келген азаматтар үшін біздің ауруханада 150 провизорлық орын құрылды. Адамдарды бірден осы жерге жатқызып, 14 күн бойы бақылаймыз. Олардан анализ алып, күнде дене қызуын тексеріп отырамыз.

1-ші қалалық ауруханаға қарайтын нысан 3-ші аурухананың маңында орналасқан. Ғимарат 3 қабаттан тұрады. Астыңғысында пациенттерді қабылдайды. Ал қалған 2 қабаттың әрбіреуінде 75 төсек-орыннан бар. Палатаның іші жарық, жылы. Барлығында жеке санитарлық бұрыш бар. Өзге мемлекеттен келгендер мұнда тек бақылауда ғана болады.

Ботагөз Сүлейменова – №1 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

– 1-ші қалалық ауруханада инфекциялық госпиталь бар. Егер азаматтардан қауіпті дерт – коронавирустың белгілері байқалып жатса оларды бірден сонда емдеуге жөнелтеміз немесе карантиндік госпитальға апарамыз.

Ал дәрігерлер тұрғындарға үрейленудің қажеті жоқ, тек көпшілік орындарға бармай жеке бас гигиенасын сақтап жүрулерін жеткізді. Қолды жиі сабындап жуып, зарарсыздандырып отыру қажет. Мамандардың айтуынша жергілікті медициналық мекемелер денсаулық сақтау министрлігі ұсынған 100 аталымнан аса антибиотиктер мен жеке қорғану құралдарымен тиісті көлемде қамтамасыз етілген.

Бердимурат Баймухан