МТРА жаңалықтары

Айыртау ауданына жаңа әкім тағайындалды

Айыртау ауданының әкімі ауысты. Бұл лауазымға  бұған дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып қызмет атқарып келген  Дархан Әмрин тағайындалды. Ауданның жаңа жетекшісін Құмар Ақсақалов кеше Айыртау активіне таныстырды. Таныстырып қана қоймай, біршама тапсырма жүктеді.

Айыртаулық халық қалаулылары Дархан Әмриннің кандидатурасын осылай бірауыздан құптады. Жаңа әкімнің жасы жуырда ғана 30-ға толды. Дегенмен, аймақ басшысының оған артып отырған сенімі зор. Сөзінше, жас, жігерлі жігіттің білдей бір ауданға жаңа дем беруге білімі мен қабілеті жетеді. Ал ауданды бүгінге дейін тура 2 жыл 1 ай басқарған Бейбіт Исманов жаңа лауазымға ауыспақ, бірақ қайда екені әзірге белгісіз.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 278 км жол жөнделді, мұны қадағалау керек болды. Саумалкөлге де арнайы қаражат бөлгенімізді білесіздер. Орталықтардың да біраз жолдары жөнделді, сондықтан өзінің міндетін ол атқарды. Өзінің кәсіби қабілеті мен біліктілігі бар, сондықтан басқа да салада жұмыс істеуі керек деп есептедім.

Сырымбетте былтырдан бері Орталық Азиядағы ең ірі қалайы кен орнында қазу жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта вольфрам өндірісі де қолға алынып, тағы бір комбинат салынбақшы. Осы қос жобаның жүзеге асуын жаңа басшы бақылауда ұстауы керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі: 

– Мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады, бюджетке салық түседі, миллиардтаған инвестиция құйылады. Бұл – өте ірі жобалар, олардың жүзеге асуын ұзақ күттік, біраз жұмыс атқардық, сондықтан төккен тер зая кетпесін.

Айыртауда шешімін күтіп отырған мәселелер әлі көп. Тиімсіз пайдаланылып жатқан телімдерді мемлекетке кайтарудағы қарқын осал – бұл бір. Екіншіден, “солтүстік маржаны” – Шалқар-Имантау курорттық аймағына қаржы миллиардтап құйылып жатса да бірде-бір мардымды туристік жоба әлі жүзеге аспаған. Аудан билігінен де, бизнестен де ұсыныс жоқ. Тағы бір түйткіл Саумалкөлдің өзіне қатысты. Мұнда 90-шы жылдардан бері қаңырап тұрған көпқабатты үйлер бар. Құмар Ақсақалов жыл сайын бұл баспаналардың кем дегенде біреуін жөндеп, бұқара игілігіне беру керек деді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Перед новым акимом соответствуюущая задача стоит.

Аудан бюджетін ұлғайтуды да қолға алмасқа болмайды. Мәселен, Айыртауды дамытуға былтыр бақандай 11 млрд теңге жұмсалыпты. 10 млрд-ын өңір қазынасы берген. Дархан Әмриннің алдында жоғарыдан ақша сұрауды қысқартып, түйткілдерді аудан бюджеті есебінен шешу жүктелді.

Дархан Әмрин – Айыртау ауданының әкімі:

– Ауданның әлеуметтік-экономикалық өсуіне, ардақты Ақан сері, Үкілі Ыбырай жерінің өркендеуіне бар күш жігерімді саламын деп уәде беремін.

Саят Ермек