МТРА жаңалықтарыАуыл шаруашылығы

Жамбыл ауданына жаңа әкім тағайындалды

Жамбыл ауданының да әкімі ауысты. Бүгіннен бастап аудан тізгінін 53 жастағы атқамінер Марат Ескендіров қолға алды. Бұған дейін ол табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына жетекшілік еткен болатын.

Марат Ескендіров Шал ақын ауданы Кривощеково елді мекенінде дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар білікті маман. 1991 жылы Қостанай ауыл шаруашылығы институтын «Экономист-ауыл шаруашылығы өндірісі» мамандығы бойынша, 1997 жылы Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «Заңгер» мамандығымен аяқтаған. Бұған дейін табиғи ресурстарды реттеу және пайдалану басқармасының жетекшісі болған. Енді Марат Ескендіров Жамбыл ауданын басқаратын болды.

Марат Ескендіров – Жамбыл ауданының әкімі:

– Маған сенім артып отырған облыс әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақаловқа алғыс білдіремін. Қолдау көрсетіп отырған депутаттық корпуспен бірге жүктелген міндетті орындауға бар күш-жігерімді саламын.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов 2019 жылы ауданда ауыл шаруашылығы көрсеткіштерінің төмендегенін айтты. Биыл облыс бойынша жаңа 10 сүт фермасын салу жоспарда бар, алайда олардың қатарында Жамбыл ауданы жоқ. Сондай-ақ, мал санын арттыру бағытында жұмыстар да жүргізілмей отыр. Ауданда қайта өңдеу кәсіпорындары жоқтың қасы. Өсімдік шаруашылығы да жандандыруды қажет етеді.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Экономиканың негізгі қозғаушы күші – ол ауыл шаруашылығы. Сондықтан, бұл саладағы өнімдерді шығару ісін жақсы жолға қоюға керек. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару 7,5 пайызға төмендеді. Биыл сұрыптарды жаңарту және минералды тыңайтқыштарды көптеп енгізу бағытында жұмыс істеу қажет.

Жиында ауылдағы халықтың тұрмыс жағдайы туралы да айтылды. Мәселен, өткен жылы ауданнан 2 мыңға жуық тұрғын қоныс аударған. Оның бірден-бір себебі – ауылдықтарға тұрмысқа жағдайлардың жасалынбауында. Бүгінде жергілікті жолдар сын көтермейді.

Марат Тасмағанбетов – Облыс әкімінің бірінші орынбасары:

–  Ауылдықтар үшін жақсы мектеп, жол, су, жарық және тұрақты жұмыс қажет. Аграрийлермен жүйелі түрде жұмыс істеу керек. Бір жылдың ішінде олардан 5 млрд теңге салық түсті. Шағын және орта бизнес дамыса ғана алға басуға болады.

Жаңа әкімі Марат Ескендіров ауданның экономикалық жағдайын және халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істеуге уәде етті.