Білім

Университет студенттеріне жаңа құрылғылар сыйға тартылды

Өсімдікті өсіріп қана қоймай, дертінің бар-жоғын анықтайды. Жергілікті университет оқытушыларының шетелдік әріптестері / заманауи қондырғыларды сыйға тартқан. Бұл аппараттардың көмегімен түрлі тәжірибе жасауға болады. 20-дан астам құрылғының жалпы сомасы 15 млн теңге деп бағаланып отыр.

Бұл – ламинар-бокс. Құрылғының көмегімен картопта өсімдік ауруы бар ма, жоқ па – сол тексеріледі. Тағы бір ерекшелігі, ішіне түскен микроб бірден жойылып кетеді екен. Бұл анықтау үрдісінің таза өтетінін білдіреді. Ал мынадай микроскоп арқылы өсімдік дертінің түрі айқындалады.

Фариза Мұқанова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ агротехникалық факультетінің оқытушысы:

– Біздің мақсатымыз – вируссыз өскіндерді алу. Бұл микроскоптар оларды анықтауға көмектеседі. Ал автоклавта вирустарды толық жоюға болады.

Картоптың түйнегі ары қарай инкубаторға салынады. 3 күннен кейін одан өскін шығуы тиіс. Кішкентай өсімдік электр шамдары бар сөрелерге қойылады. Құрылғы тәулік бойы жылу пен жарық беріп тұрады екен.
Осылайша, 1 айдан соң картоптың сабағы көтеріліп, жапырақтары өсіп шығады.
Айта кетейік, заманауи құрылғылардың көмегімен аталған көкөністен бөлек, басқа да өсімдіктерді өсіруге болады.

Фариза Мұқанова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ агротехникалық факультетінің оқытушысы:

– Зертханада студенттер мен магистранттар өсірудің барлық технологиялық үдерісін үйренеді. Бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені, мұндай зертханалар елімізде аз.

Жергілікті оқытушылардың қытайлық әріптестері 15 млн теңгенің дүниесін сыйға тартқан. 20-дан астам заманауи құрылғы аспан асты еліндегі ауыл және орман шаруашылығы техникалық университетімен әріптестік аясында жолданыпты.

Алтын Шаяхметова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ агротехникалық факультетінің деканы:

– М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен қытайлық жоғарғы оқу орны арасында 2 жыл бұрын ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Осылайша, біздің студенттер мен магистранттар аспан асты елінде біраз білім алды. Ал жыл басында серіктестеріміз 15 млн теңгенің құрылғыларын сыйға тартты. Аппараттардың көмегімен түрлі тәжірибелік зерттеулерді жүргізе аламыз.

Су жаңа құрылғылар әлі іске қосылған жоқ. Аппараттар осы аптаның соңында агротехникалық және биология кафедраларының студенттеріне таныстырылмақ.

Маржан Қасымбек