Халық тарих толқынында

Петропавлда ҰОС кезінде болған госпитальдар

Биыл Ұлы Жеңіске – 75 жыл. Мерейтойға орай Муниципалдық телеарна ұжымы отты жылдар туралы сюжеттер циклін әзірлеуді бастады. Бейнематериалдың алғашқысы – кезінде жараланған жауынгерлерді емдеген ақ халаттылар мен Петропавлға эвакуацияланған әскери госпитальдерге арналмақ. Архивистердің деректері бойынша, емдеу мекемелерінің саны шаһарда үшеу болыпты.

Нағыз адам туралы повесть Кеңес Одағының батыры Алексей Мересьевтің қиын тағдырын баяндайды. 41-дің көктемінде немістер азаматтың ұшағын атып, жауынгердің екі аяғы сынады. Бірақ, нағыз батыр бұл сынаққа мойынсұна ма? Әрине, жоқ. 80 шақырымдай жерде оның қаруластары жаумен соғысып жатқанда, ол өліммен арпалысады. Ұшқыш азық-түліксіз, сынған екі аяғымен / алдымен жаяу-жалпылап, жорғалап, кейін домалап, әйтеуір 18 күннің ішінде ол Кеңес адамдарына кезігеді. Дәрігерлер азаматтың өмірін құтқару үшін ұшқыштың екі аяғын кесуге мәжбүр болады. Бірақ, жауынгер бұл жолы да берілмейді. Қаруластарының қолдауымен, әскери ақ халаттылардың көмегімен ол протез киіп, қайта ұшақ басқарады.

Немістер Алексей Мересьевтің аяғын сындырды, бірақ жігері мен қайратын сындыра алмады. Себебі, жауынгердің жанында дем беріп, рухтандырып, өмірге деген үміт отын жандандырған ақ халаттылар болды. Ұлы Отан соғысы кезінде 200 мың дәрігер мен бір жарым млн-ға жуық орта медициналық қызметкер еңбектенген. Абзал жандардың арқасында госпитальдарға түскен майдангерлердің 77 пайызы, яғни 22 млн-ы ұрыс алаңына қайта аттанған. Жараланғандарды күні-түні күтіп-баптап, аяқтарына қайта тік тұрғызуға арналған 150-дей госпиталь Қазақстан жерінде болған. Емдеу мекемелері темір жол бойында орналасқан қалаларда жұмыс істеді.

Мереке Баймұқанов – СҚ мемлекеттік архивінің бөлім басшысы:

– 1941 жылдың қарашасында Петропавлда алғашқы госпитальды ашу туралы қаулы келді. 1000 орынға шақталған емдеу мекемесінде жұмыс істеуге 200 дәрігер тартылды. Оларды пәтермен қамту туралы бұйрық бар.

Госпитальдарды ашу туралы бұйрық келгенде петропавлдықтар 12 ғимаратты дайындапты. Тағы қажеттілік туындайтын болса, қазақ -интернаты мен педучилищенің жатақханасын қарастырған көрінеді. Бұл ретте тарихшылардың емдеу мекемесіне қатысты ақпараттары әр түрлі. Бірі шаһарда – 6, бірі 4 госпиталь болды дейді. Ал архивте сақталған құжаттарға сүйенсек, қалада 3 әскери аурухана орын теуіпті.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Эвакуацияланған госпитальдардың бірі кезінде қазіргі  мектепте орналасыпты. Ұлы Отан соғысы жылдарында дәл осы екі қабатты ғимаратта ақ халатты абзал жандар мыңдаған адамның өмірі үшін күресті. Осылайша, бірінің ұлын, әкесін, бірінің жарын, бастысы – қасық қаны қалғанша күресетін нағыз батырларды өлім аузынан құтқарған. Бұл төрт қабырға талай майдангердің бастан өткерген оқиғасын “естіді”, дәрігерлердің мейірімділігі мен өлім аузында жатқан жауынгерлер өжеттілігінің куәсі болды.

Ұлы Отан соғысында Петропавлдағы емдеу мекемелерінде көз жұмған майдангерлер Ғ.Мүсірепов көшесі бойындағы мына зиратта жер қойнына тапсырылған. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, мұнда елінің қорғаны болған 488 сарбаз жерленіпті.

Эльмира Сәдуақасова