Білім

Облыстық мәслихаттың ХХХХ сессиясы өтті

Қызылжар ауданына қарасты Петерфельд орта мектебі сенімді басқаруға берілді. Аталған оқу ошағына “Bilim Fоundation” атты серіктестік қыруар қаржы құйып, жаңғырту жұмыстарын жүргізеді, ұстаздардың біліктіліктерін арттырады. Алдағы уақытта Бескөл мектеп-гимназиясы да жеке қолға өтуі мүмкін. Бұл жайлы бүгін облыстық мәслихаттың 40-шы сессиясында айтылды.

Облыстық мәслихаттың 40-шы сессиясында күн тәртібіне бірнеше сұрақ шығарылды. Алғаш болып аққайыңдар өлкесінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру жайы қаралды. Бұл бағытта біраз шаруа атқарылыпты. Тындырылған істі көпшілікке экономика басқармасының басшысы Арсен Қазбеков баян етті.

Арсен Қазбеков – СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Былтыр өңірімізде 49 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жоба аясында жұмыс жүргізілді. Оның 34-і бойынша келісім-шарт жасалды.

Білім беру. Былтыр дәл осы салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жұмыстары өзгелерден көп жүргізілген. Экономика басқармасы басшысы Арсен Қазбековтың айтуынша 34 жоба бойынша келісім-шарт жасалыпты. Бірақ, 3 меморандум бұзылған екен. Осыған жіті тоқтала кетейік. Өткен жылдың соңында Петропавлдағы “Балдәурен”, “Ивушка” және “Ақбота” балабақшалары сенімді басқаруға берііп, артынша қоғамдық резонанс туындағандықтан аталған ұйымдар мемлекетке қайтарылды. Бұл оқиға ел есінде. Салада тағы қандай өзгеріс орын алды? Оны толығырақ мінберге шығып сөз алған өңірдің бас педагогы Гүлмира Кәрімова жіпке тізді.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Былтыр 29 мектеп асханасы кәсіпкерлерге сенімді басқаруға берілді. Нәтижесінде 90 млн теңгеден аса инвестиция тартылды. Қаржының бір бөлігіне қондырғылар сатып алынды. Алдағы демалыс кезінде тамақтану орындарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Баядамасында Гүлмира Кәрімова Қызылжар ауданына қарасты Петерфельд орта мектебіне де тоқталды. Аталған білім ошағы 10 жылға “Bilim Fоundation” серіктестігіне сенімді басқаруға беріліпті. Осы уақыт ішінде ұйым 250 млн теңгеге тарта қаржы құйып, жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, сонау 69-шы жылы тұрғызылған нысанға күрделі жөндеу жасайды, жаңадан қондырғылар мен жиһаз сатып алынады. Оның үстіне бастауыш сынып оқушылары мен арнайы топқа жатқызылған балаларға тегін тамақ беріледі және ұстаздардың біліктіліктері арттырылады.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– “Bilim Fоundation” серіктестігі Назарбаев мектебімен меморандум жасаты. Осы келісім аясында Петерфельд орта мектебінің ұстаздары Назарбаев мектебінің курстарына қатысып, біліктіліктерін арттырады.

Биыл да өңірімізде осыған ұқсақ жұмыс жүргізіледі. Болашақта Бескөл мектеп-гимназиясы да жеке қолға өтуі мүмкін. Қазір бұл жоба қарастырылып жатыр екен. Сессия барысында облыстық мәслихат дептутаты Райхан Әбдірахманова білім саласындағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Оның сөзінше қазір асханаларды сенімді басқаруға алып, бірақ тиісті жұмыс жүргізбей жатқан кәсіпкерлер бар. Мәселен, қаламыздағы №7, 17, 20 және 23 мектептердің тамақтану орындары әлі күнге дейін жөндеу көрмепті. Проблеманы жедел арада шешу қажет. Ол үшін бақылауды күшейткен жөн. Жиында облыс бюджетіне өзгерістер енгізу жайы да қаузалды.

Байболат Бектемірұлы