МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жергілікті өкілдерінің кезекті рейді

Мемлекеттік қызметші жұмыс мерзімінен тыс уақытта  қызмет орнында бөгеліп отыра ма? Қағаз толтыру, есеп жазуы бар, басшысы да тапсырма беріп қалуы мүмкін. Сонымен, мамандар үйлеріне уақытында кете ме? Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті өкілдері кезекті рейд ұйымдастырып, тіпті, әрбір кабинетке бас сұқты. Олар жыл басынан бері 25 мекемені тексерген.

Сағат кешкі 7, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің мамандары Аграрлық үйге келді. Жұмыс уақыты 18.30.-да аяқталады. Бірақ, кейбіреуі өз еркімен немесе басшылықтың жүктеуімен қағаз толтырып, есеп жазып қызмет орнында кешеуілдеп қалуы мүмкін. Аграрлық үйде 10-ға жуық мемлекеттік орган орналасқан.Меймандар нысанға кіре салысымен бірінші қабаттан бастап кабинеттерді қарауға кірісті. Біразы бос, кейбіреуінің есігі жабық.Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына жеткенде экономика және мемлекеттік сатып алулар бөлімінде жалғыз өзі отырған маманды кездестірдік.

Басқарма басшысын іздеп едік ол да өз орынбасарларымен орнында болып шықты.

Тексеріс барысында бөлім қызметкерінің ресми өкім бойынша жұмыста қалғаны мәлім болды. Ал басшылығы маңызды жиналысқа дайындалып жатса керек. Фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы облыстық филиалының директоры да кабинетінде отыр екен.

Султан Магомедов: ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Өткен жылы 54 мемлекеттік мекемені тексердік. Мынау – биылға 5-ші шара. Егер мамандар себепсіз, яғни белгілі бір өкімсіз жұмыс уақытынан тыс кезде қызмет орнында отырса хаттама толтырамыз, кейін қағаздарды еңбек инспекциясына жібереміз. Олар тиісті тексеріс жұмыстарын жүргізіп, мекемеге қатысты үкім шығарады.

Ал сол мекеменің басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алдымен ескерту беріледі, жағдай қайталанса айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

Ақтолқын Солтанханқызы