Аптадағы маңызды жаңалықтар

Су тасқынын алдын алу шаралары

Осыдан 3 жыл бұрынғы қызыл су биыл қайта келуі мүмкін. Қызылжар ауданына қарасты Тепличное кентінде су тасқынының алдын алу шаралары жүріп жатыр. Қазіргі күні ауыл шетінде биіктігі – 3 метр, ал ұзындығы 300 метрге жететін балшық үйіндіні тұрғызу жұмыстары аяқталуға жақын.

Прибрежное селолық округіндегі Тепличное кентінде күнде қызу тірлік. Трактор мен самосвалдардың көмегімен ауыл шетіне мынадай балшық төгілуде. Жұмысшылар биіктігі 3 метрге дейін жететін үйінді жасап жатыр.

Самат Шаяхметов, Прибрежное селолық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Биыл қар көп жауды. Сол себепті, осыдан 3 жыл бұрын болған су тасқыны қайталануы мүмкін бе деп қауіптеніп отырмыз. Қазір ауылдың шетін балшықпен нығайтып жатырмыз. Бұл іске 10-ға жуық техника жұмылдырылған.

Тепличное кентінде 300-ге жуық үй бар. Мамандар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз дейді. Ал балшықтан жасалып жатқан үйінді жақын арада толығымен тұрғызылып бітпекші. Бүгінде оның ұзындығы 100 метрге жетіп қалыпты.

Ерлік Қапанов, Қызылжар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы:

– Қазір тұрғындар арасында / су тасқыны болған жағдайда қалай әрекет ету керектігі жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. 200-ге жуық баспананы аралап шықтық. Бұл бөгет суды тоқтата алады. Егер су үйіндіден асып кетсе тұрғындар уақытша Бескөл орта мектеп-гимназиясына көшіріледі.

Мамандар үйіндіні 300 метрге дейін созбақшы. Жұмыс осы аптаның ішінде аяқталуы тиіс.

Бердимурат Баймухан