ҚоғамСу тасқыны

Сенная базаның су астында қалу қаупі бар

Сенная базаның су астында қалу қаупі бар. Біздің арнаға тұрғындар осындай шағыммен жүгінді. Айтуларынша кент көшелерінде тау болып үйілген қар әлі күнге сол қалпында. Тіпті, қыс бойы ақ ұлпа шығарып жүрген техника көрген жоқпыз дейді.

«Көктем келді. Біз не істейміз?» Сенная база тұрғындарының күнделікті әңгімесі осыдан басталады. Ағайын ауа райы жылынған сайын тақымдарын қыса түседі. Неге дейсіз ғой, шаһардың әр бөлігінде техника қар тазалап жүрсе, мұндағылар қыс бойы бір трактор да көрмеген. Сағымбай пен Бақыт Алпысбаевтар 3-ші Сенная көшесіне 78-ші жылы көшіп келіпті. Содан бері әр көктемгі көрініс бірдей дейді қариялар. Қазір де отбасының уайымы – тау-тау болып үйіліп жатқан ақ ұлпа. Ертең ол ерігеннен кейінсу қайда кетеді? Бұл – әлбетте, риторикалық сұрақ.

Бақыт Алпысбаева – Сенная база кентінің тұрғыны:

– Өткен жылы қар аз болды. Үйге кірген жоқ. Бірақ, биыл өте көп. Орамның сыртында да тау-тау болып үйіліп жатыр. Трактормен осыны шығарса ғой.

Бақыт Алпысбаева көршілерін жақсы таниды. Айтуынша, Сенная базада тұратындардың дені – қариялар мен жарымжандар. Қазір отбасылардың барлығы резеңке етіктері мен галоштарын дайындауда. Себебі, бір-екі аптадан соң бұл аяқ киімдер далада емес, ең бірінші кезекте үйдің ішінде жүріп-тұру үшін қажет болмақ. Базыналарын тұрғындар әкімдікке бірнеше рет жеткізіпті. Хабарласып, көмек сұрағандардың бірі – Василий Новиков.

Василий Новиков – Сенная база кентінің тұрғыны:

– Әкімдікке хабарласып, бір рет трактор шақырттым. Техника келіп, менің баспанамның алдындағы қарды тазалап берді. Бірақ, көршілерімдікін қозғаған жоқ. Жарты сағат жұмыс істеді де, кетіп қалды. Содан бері тракторды көргеніміз жоқ. Күн борандатса ол автобус жүретін жолды бір қырып өтеді. Бірақ, қарын шығармайды.

Қазір Сенная база кентінде көпқабатты баспаналар тұрғызылып жатыр. Құрылыс жүріп жатқан аумақтың асты көтерілген. Яғни, ол маңдағы қар да еріген соң жер үй секторына қарай ығысатыны белгілі. Бар үміт – қалалық әкімдікте. Ол ақталар ма екен?

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

–  Қазір су басу қаупі жоғары Жұмысшы кенті мен Береке, Ойқала ықшам аудандарында қар тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғысында аяқталды. Жұмысшы кенті мен Берекеде тәмамдалған соң, коммуналдық қызметтер өтініштер бойынша жұмыс істейтін болады.

Яғни, Сенная базаға техника бір-екі күнде жетіп қалады. Бірақ, тракторлар ақ ұлпаны көшелердің барлығынан бірдей шығарады деген сөз емес. Бұл ретте кент тұрғындарының құлағына алтын сырға! Қалалық әкімдік өкілдерінің сөзінше, коммуналдық қызметтер тек өтініштер бойынша жұмыс атқарады. Сондықтан, көктемде баспанаға су кірмесін десеңіз, жергілікті атқарушы билікке әр баспана иесі өз базынасын жекелей жеткізуі тиіс.

Эльмира Сәдуақасова