Kurultai banner mobile

МәдениетҚұрылыс

Петропавлда салынып жатқан жаңа қазақ театры тамыз айында ашылмақ

Облыс орталығында салынып жатқан жаңа қазақ театры халық игілігіне тамыз айында тапсырылуы тиіс. Ашылуы  Абайдың 175 жылдығымен тұспа-тұс келетін мәдениет ошағының құрылысына  ел қазынасынан 3 млрд теңге қаржы бөлінген екен. Нысан 4 қабаттан тұрмақ, көрерменге арналған 500 орын болатын көрінеді. Жобамен бүге-шүгесіне дейін таныспасақ та құрылыстың қарқынын біліп қайттық.

2 жыл бұрын мына жерде ескі жер үйлер тұрған. Олар сүріліп, орнына зәулім мәдениет ошағы салынып жатыр. 2018-дің соңында басталған құрылыс жұмыстары былтыр аяқталуы тиіс болатын. Бірақ, шаруа барысы біраз кешеуілдеген соң нысанды тапсыру мерзімі биылға шегерілді. Ендігі меже – қазіргі қарқыннан таймау.

Қарқын қызу дейді мердігер. Нысанды салып жатқан – елордалық компания.

Еслям Нұрғалиев – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы:

– Әзірге, сыртқы жұмыстар жүріп жатыр. Құрылыс материалдары жеткілікті. Елордалық мамандармен бірге Петропавл ауыр машина жасау зауытының жұмысшылары да еңбектенуде. Барлығы – 70 адам. Аталған зауытта металл құрылымдары жасалады. Кейін ол осы жерде монтаждалады.

Жаңа қазақ театрын салуға ел қазынасынан 3 млрд теңгеден астам ақша бөлінген екен. Қаражаттың үштен бірі игеріліп, жоспарланған істің 30 пайызы орындалыпты.
Ішкі әрлеу жұмыстарына кезек сәуірде келетін көрінеді. Осы кезде Нұр-Сұлтаннан тағы мамандар тартылмақ.

Еслям Нұрғалиев – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы:

– Әдетте, ішкі әрлеу жұмыстары біраз уақытты алады. Сол себепті, жұмысшылардың санын арттырмақшымыз. Құрылысшылар қазіргі қарқыннан таймаса нысан кесте бойынша тапсырылады.

4 қабат, 500 орын. Көптен бері армандаған жаңа қазақ театры есігін тамызда айқара ашпақ. Мәдениет ошағының халық игілігіне берілуі Ұлы Абайдың 175 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мерейлі датаға байланысты жергілікті актерлер қауымы жаңа қазақ театрындағы алғашы маусымды Абай туралы спектакльмен бастаймыз деп қамданып жатыр.

Дана  Ешкенова