Денсаулық сақтау

Қазақстан коронавирус таралған елдердің тізімінде жоқ

Төрткүл дүниені дүрліктірген кесел – коронавирустық инфекция, соңғы мәліметтерге сай, әлемнің 115 елінде тіркелген. Бұл тізімде Қазақстан жоқ. Бірақ, еліміздің бас санитары қауіпті дерт бізді де айналып өтпейді деп болжап отыр. Ал теріскейлік ақ халаттылар вирусқа тойтарыс беруге дайынбыз дейді. Мекемелерімізде 300-ге тарта кереует, 180 мыңға жуық бетперде, 3 мыңнан астам респиратор мен 800-ге жуық қорғаныс костюмі дайын тұр.

Саят Ермек – тілші:

– Жұқтырғандардың саны 110 мыңнан асып жығылады, 4000-нан астам адам көз жұмса, 60 мыңнан астамы емделіп шыққан. Бұл – дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері.

Коронавирус кеселі осымен үшінші ай әлемді әбігерге салып әлек. Көрші жатқан Ресейдің өзінде дерт 20 адамнан табылса, Монғолияда алғашқы факті тіркелді. Десе де, өзіміздің Қазақстанда ауруды жұқтырғандар жоқ. Мұны мамандар сеніммен айтуда.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Коронавирустық инфекция бойынша елде де, Солтүстік Қазақстан облысында да жағдай тұрақты. Бірде-бір азаматтан вирус табылмады. Табыла қалған жағдайда біз міндетті түрде халыққа жеткіземіз, тиісті шаралар қолданамыз.

Бірақ, бұл – қуануға себеп емес, тіпті. Қауіп бар және ол жоғары. Қазір Қытаймен шекара жабық, Ираннан да ел аумағына кіруге қатаң тыйым салынған. Бұл тізімге бүгіннен бастап Оңтүстік Корея да енді. Ал өзге елдерден шекара асып, Солтүстік Қазақстанға аяқ басқанның әрқайсысы жіті бақылауда.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Көпшілік жерде жүрмеу керек, дұрыс тамақтану керек, егер шағымдар болса, бірден медициналық мекемеге келіп, қаралу керек.

Бұл жайлы миллион рет айтылды, бірақ мамандар қайталаудан жалықпақ емес. Қолды жиі жуу тағы бар. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, адам қолымен бетін тәулігіне 300 рет ұстайды екен. Вирустың ауа тамшылары арқылы таралатынын ескерсек, бұл статистикаға мән берген абзал.

Саят Ермек – тілші:

– Есіктің тұтқалары, баспалдақ таяныштары, сондай-ақ күн сайын біз ондаған адаммен амандасамыз яки қолымыз біздің вирусқа ең осал дене мүшесі. Сондықтан, сарапшылар қолды әр 10-15 минут сайын спиртпен зарарсыздандырып отыруға кеңес береді. Осы орайда жергілікті университетте студенттер мен қызметкерлерге арналып осындай диспенсерлер орнатылған.

Өйтпегенде ше? Студенттердің саны 7 мыңнан асып жығылады мұнда. Үзілістерде дәліздер жастарға лық толы. “Сақтансаң, сақтаймын” деген осы болар.

Нұрлан Баимбетов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры:

– Министрлік тапсырмасы, барлық ЖОО-ларда осындай антисептикалық құрылғыларды орнату тапсырмасы берілді. 128 диспенсерге тапсырыс беріп, әр қабатқа 2 данадан орнаттық. Оқу ғимараттары ғана емес, жатақханаларда да бар.

Көп кешікпей антисептик құйылған бұл қондырғылар өңір мектептерінде де пайда болады. Ал медициналық бетперделерге қатысты ахуал мынадай: олар сатылымда жоқ.

– Здравствуйте, а маски есть медицинские?
– Нет!
– Вообще нет, да? Все скупили? Не привозят?
– Их нет по городу.

Бірақ, маскалар жоқ деп мамандар байбалам салмауға шақырады. Сөздерінше, бетпердеден пайда шамалы.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Мен алдарыңызда маскасыз отырмын, көрдіңіздер ме?! Мен маскаларға сенбеймін.

Қытаймен шекара жабылғанға дейін Солтүстік Қазақстан облысына аспан асты елінен 200-ден астам адам келген. 2 апталық изоляциядан кейін олардың ешқайсысынан қауіпті дерт анықталмапты. Ал бүгінде 110-нан астам жерлесіміз дәрігерлердің бақылауында. Алайда, еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшиннің айтуынша коронавирус Қазақстанға ерте ме, кеш пе – келеді. Кеселдің алғашқы фактісі наурыздың 11-і мен 16-сы аралығында анықталуы мүмкін, бірақ бұл тек болжам ғана.

Саят Ермек