Мәдениет

“Алтын Орда: ғасырлар үндесуі” көрмесі қанат жайды

Ғылыми зерттеулер мен тарихи деректер. Биыл Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толып отыр. Осыған орай С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада ұлы хандық жайлы жазылған кітаптардың көрмесі қанат жайды. Өңір жұртшылығына қазақ, араб және орыс қаламгерлерінің туындылары паш етілген.

Кезінде Алтын Орда құрамына Ресейдің Новгород облысынан бастап Азияның оңтүстік-шығысына дейінгі аумақтар кірген. 13-ғасырдың басында Ұлы хандыққа Шыңғысханның немересі Бату билік етеді. Ол әмірлік жүргізген жылдары Сарай қаласы Алтын Орданың астанасы деп жарияланған. Тарихи деректерге сүйенсек, кейін бас шаһарды басқа қалалардан ерекше қылу мақсатында онда көптеп алтын түсті киіз үйлер орнатылыпты.

Әсел Шайхислямова – С.Мұқанов атындағы ОҒӘК кітапханашысы:

– Бату хан Ақ Орданы Алтын Орда деп өзгерткен. Бұл жайлы, әсіресе, араб жазушыларының туындыларынан көптеп байқауға болады. Ал басқа деректерде Бату хан өз руының атын қойған деп айтылады.

Кітапханашылардың сөзінше, Алтын Орда тарихын әсіресе араб жазушылары жиі зерттеген. Том-томдаған ғылыми еңбектерін де жазып қалдырыпты. Көрмеде араб қаламгерлерінің туындыларын да байқауға болады. Шығармаларды Ресей зерттеушілері орыс тіліне аударған.

Сондай-ақ, мұнда тарихшы М.Қозыбаевтың Алтын Орда мәдениеті жайлы баяндалатын кітабы да қойылған. Оған қоса, Ілияс Есенберлин, Ақселеу Сейдімбет сынды өзге де қазақстандық жазушылардың туындылары бар.

Кәмшат Әбілкәрімова – С.Мұқанов атындағы ОҒӘК кітапханашысы:

– Көрме 4 бөлімге бөлінген. Алтын Орда тарихы бөлімінде Сұлтановтың “Алтын Орда” кітабын ұсынып отырмыз. Сондай-ақ, парсы және моңғол деректерінен алынған деректер бар.

Кейін, көрмеге келгендерге Шыңғыс ханның дүниежүзілік генеалогиясы таныстырылды. Картада Шыңғыс ханның ұрпақтары мен Алтын Ордаға билік жүргізген тұлғалар жазылған.
«Алтын Орда: ғасырлар үндесуі» көрмесінде 60-қа жуық туынды паш етілген.

Нина Полещук: 

– Алтын Орданың құрылу тарихымен кеңірек таныстым. Кітаптардан тұтас бір дәуір жайлы біраз ақпарат алуға болады.

Геннадий Языков:

– Мені Алтын Орданың мәдениеті туралы жазылған кітаптар қатты қызықтырды. Міндетті түрде бір туындыны алып оқып көрмекшімін.

Айта кетейік, теріскей жұрты көрмені С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада мамыр айының соңына дейін тамашалай алады.

Маржан Касымбек