МТРА жаңалықтары

Қаңтар-ақпан айларында инфляция 1,1% құрады

Қаңтар-ақпан айларында өңірімізде балғын көкөніс қымбаттаған. Өсім бақандай 9% құрап отыр. Бензин құны да өзгерді. Қазір бекеттерде АИ-92 маркалы жанар-жағармай 156 теңгеден сатылып жатыр.

– Молоко у нас подорожала. Была дешевле.

-Үйдегілер, әкем нан қымбаттады дейді. Қалтаға, ақшаға көп әсер етеді.

– Огурцы стали 1300 теңге. Очень дорого. Но берем по мере возможности.

Бұл – жұртшылықтың пікірі. Жерлестеріміздің бірі – азық-түліктің, екіншісі – дәрі-дәрмектің, ал үшіншісі киім-кешектің қымбаттағанын айтып, өздерінің шағымдарын білдіріп жатыр.
Статистик мамандардың айтуынша тауар құны расымен де жоғарылапты. Мәселен, үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында СҚО бойынша инфляция 1,1%-ті құраған екен. Қымбаттағандардың көш басында балғын көкөністер тұр. Биыл бақша өнімдерінің бағасы бақандай 9% артқан. Жұмыртқа болса 7,6% өскен. Өсім ет, сүт, алкогольсіз сусындарда да байқалады.

– Бензин бағасында да өзгеріс орын алды. Өзгерісті рет-ретімен түсіндірейін. Жаңа жылға дейін станцияларда АИ-92 маркалы жанар-жағармай 148-ден сатылыпты. Кейін өсім орын алды. Мысалы, қаңтар-ақпан айларында жүргізушілер арасында жоғары сұранысқа ие өнім 2,5% қымбаттаған. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай 1 литр бензин 156 тұрады.

Халық бензин алдағы уақытта тағы да қымбаттауы мүмкін дейді. Өйткені, жұртшылық мұнай бағасы күрт төмендеді, доллар бағамы 400 теңгеге жақындады, сондықтан жанар-жағармай шарықтайды деп отыр. Дегенмен алаңдауға еш себеп жоқ. Бүгін Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев журналистерге сұхбат берген болатын. Әңгіме барысында ол әлемде орын алып жатқан өзгеріс елдегі жағдайға әсер етпейтіндігін жеткізді. Тағы, ведомство басшысы биыл Қазақстанда 415 мың тонна сұйық отын өндірілетіндігін мәлімдеді. Бұл ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді екен.

Нұрлан Ноғаев – ҚР Энергетика министрі:

– Бензин бағасы бірнеше жылдан бері еркін нарықта. Ұсыныс пен сұраныстың нәтижесінде реттеліп келе жатыр. Оған қажет жанар-жағармай қоры жеткілікті. Еліміздегі барлық мұнай өңдеу зауыты штатты түрде жұмыс істеп жатыр.

Статист мамандардың мәліметіне қайта оралайық. Қаңтар-ақпанда темір жол көлігімен жол жүру – 3,8%, автомобильмен қатынау 0,6% қымбаттапты. Бағасы төмендеген өнімдер дер бар. Өкінішке қарай, оларды саусақпен санауға болады. Мәселен, күріш биыл – 9,8, қант – 2,5, ұнның құны 0,1%-ке төмендепті. Сонымен қатар, байланыс қызметтері де арзандаған. Сөз соңында қыстың екінші айындағы ең төменгі күнкөріс деңгейі жайлы ақпармен бөлісейік. Ақпан айында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мөлшер 27 668 теңгені құраған.

Байболат  Култанов