ТЖ

Өңірде өткен аптада 8 өрт оқиғасы тіркелді

Өткен жұма солтүстікқазақстандық төтенше жағдайлар мамандарына аса қиынға соқты. Себебі, наурыз айының алғашқы аптасында өңірімізде 8 бірдей өрт оқиғасы орын алды. Тілсіз жаудың салдарынан 3 адам қаза тапты.

Салғырттықтың салдары. Өрт сөндірушілердің айтуынша отты дұрыс пайдаланбау қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін. Мәселен, кейбір азаматтар үйіндегі электр сымдарын өздері жалғай береді, ал біреулер болса электр көзіне қызғыш заттарды жалғап ұмытып кетеді. Тіпті, ащы суға тойып алып үй ішінде темекі шегетіндер де бар. Сондай жайттардың бірі жақында Петропавл қаласында орын алды. 4 пәтерлі тұрғын үй өртеніп, екі ер адам көз жұмды.

Николай Белоусов, СҚО ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары:

– 4 наурыз күні Ломоносов көшесі бойында орналасқан 1-ші үйдегі пәтер өрттенді. Үйдің ішінде екі адам болған. Қызыл жалын сөндірілмеген темекіден пайда болды. Арнайы сараптама көрсеткендей, қаза тапқан екі жігіт сол күні ішімдік ішкен.

Тағы бір өрт оқиғасы Жамбыл ауданына қарасты Қайранкөл ауылында орын алды. Қызыл жалын шарпыған нысаннан термиялық күйік алған 15 және 17 жасар бала эвакуацияланды. Абырой болғанда, адам шығыны тіркелген жоқ.
Ал Аққайың ауданындағы Смирновода электр сымдарының қысқа тұйықталуынан 100 шаршы метрлік баспана толықтай жанып кетті. Салдарынан 58 жастағы үй иесі мерт болды.

Николай Белоусов, СҚО ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары: 

– Құтқарушылар от шарпыған нысаннан 58 жастағы үй иесін алып шықты. Кейін, оны дереу Смирново аудандық орталық ауруханасына жеткізді. Алайда, азамат сол жерде есіне келместен көз жұмған. Өрт шыққан уақытта әйелі жұмыста болған екен.

Өртке қатысты статистикақа тоқтала кетсек, өңірде өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда тілсіз жаудың орын алу жағдайлары 33 пайызға кеміген екен. 2019 жылдың басында-133 оқиға, ал биыл 88 факті тіркеліпті.

Дана  Ешкенова