МТРА жаңалықтары

Қызметкері парамен ұсталса, басшысы отставкаға кетеді

Қол астындағы маманы парамен ұсталса, басшысы да өз креслосымен қоштасады. Бірақ, барлығы бірдей емес. Өткен жылдың 10 желтоқсанында күшіне енген заң тек саяси қызметшілер мен мемлекеттік органдардың бірінші жетекшілеріне қатысты. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында айтылды.

Тақырыпты тарқатайық. Мысалды әкімдерден бастайық. Облыс пен республикалық маңызы бар қала атқамінерлері. Жоғары лауазымдағы азаматтардың креслосы орынбасаларына, аппарат жетекшісі мен аудандық әкімдерге байланысты болып отыр. Аталған тұлғалардың бірі парақорлыққа жол берсе, тікелей басшысы 10 күннің ішінде орнын босатуы тиіс екен. Бірақ, бұл мемлекеттік қызметпен біржола қоштасады деген сөз емес. Отставка туралы арыздың қабылданбауы да мүмкін. Онда қол астындағы маманның жемқорлыққа жол бергені үшін басшысы тек тәртіптік жазамен шектеледі.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдерінің орынбасары – өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы сыбайлыс жемқорлық жасаған кезде отставкаға кету туралы арыз жазуы тиіс.

Аудан әкімдеріне де заң сондай. Қарамағындағы орынбасары, аппарат не болмаса атқарушы орган басшысы, тағы ауыл, селолық округ атқамінерлері аяқтарын шалыс басса, аудан жетекшісінің де орнынан айырылып қалуы ғажап емес.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Заң күшіне желтоқсанның 10-ы енді. Яғни, басшының отставкаға кетуі тек сол уақыттан кейін ғана орын алған жемқорлық фактілеріне қатысты болмақ.

Айта кету қажет, мемлекеттік саси қызметші лауазымына енді ғана тағайындалып, қол астындағы маманы жемқорлыққа жол берсе, отставкаға кетуге міндеттелмейді. Бұл ретте басшыларға жаңа жерге келіп, бәрін реттеуге 3 ай уақыт беріледі екен. Ал 90 күннен кейін қарамағындағы қызметкердің пара алғаны анықталса әңгіме басқа болады.

Эльмира Садвокасова