8 Наурыз

Шабандоз нәзікжанды

Ат спорты тек ерлерге ғана емес әйел затына да тән. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Ольга Патошкина есімді азаматша. 6 жасында ат жалын тартып мініп, 18-де бәйгеге шапқан нәзікжанды бүгінде осы спорт түрінен жасөспірімдерді жаттықтырады.

Әдетте шабандоз деген сөзді естігенде көз алдымызға сәйгүлікті ерттеп мініп, ат құлағында ойнаған ер адам елестейді. Негізі, қазақ халқының болмысында ат жалын тартып міну, аударыспақ жасап, көкпар тарту ерлерге тән. Бәйгеге шапқан нәзікжандыларды да көп көре бермейміз. Алайда, арамызда ондай қайсар жандар баршылық. Ольга Патошкина 6 жасында алғаш рет атқа отырыпты. Міне, содан бері жылқы жануары оның сенімді серігіне айналған.

Ольга Патошкина – «Арғымақ» ат спорты түрлерінен балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:

–  Ат спорты менің өмірімде маңызды орын алады. Ол мені сабырлық пен шыдамдылыққа, сыйластық пен табандылыққа үйретті. Бұл қасиеттер маған көп пайдасын тигізді.

Ольга ең алғаш рет ауылында атқа отырыпты. Көшеде жылқы мініп жүрген қыздардың бірі қолынан тартып өз атына мінгізген екен. Сол кезде жасы небәрі 6-да болыпты. Содан бастап кішкентай қыздың жылқы малына деген маххабаты оянады.

Ольга Патошкина – «Арғымақ» ат спорты түрлерінен балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:

–  10 жасымда әкем маған құлын сыйлады. Ол асыл тұқымды еді. Таза ағылшын жылқысы. Қуанышымда шек болған жоқ. Мен оны «Лебедушка» деп атайтын едім. Екеуіміз бірге өстік. Осылай жүріп 18 жасымда алғаш бәйгеге шаптым. Бұл республикалық жарыс болатын. Ақыры 2-ші орын иеленіп, ақшалай сыйлыққа қол жеткіздім. Жүлдеме үйге тұрмыстық техника сатып алған едім.

Осылайша жылдар өтеді. Ольга түрлі додаларға қатысып, өңір намысын талай рет қорғаған. Сөйтіп жүріп жоғары оқу орнын тамамдап, ат спортынан облыстың бас жаттықтырушысы болады. Көптеген шәкірт тәрбиелеп өсіреді. Бүгінде Ольга Патошкина«Арғымақ» ат спорты түрлерінен балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры. Нәзікжанды мұнда ұл-қыздарды жаттықтырумен айналысады.

Шеше көрген тон пішер демекші Ольганың қос қызы анасының жолын қуған. Екеуі де бос уақыттарында анасының жұмысына келіп қолғабыс етеді. Анжелика Патошкина – үйдің кенжесі. Бұрымды 15 жаста. Ол да кішкентайынан бастап атқа әуес. Жылқы үстінде мығым отыратын қайсар қыз бүгінге дейін түрлі жарыстарға қатысып, бәйгеде қарсыластарын шаң қаптырып жүр.

Анжелика Патошкина – Ольга Патошкинаның қызы:

– Мен атқа отыруды анамнан үйрендім. Желмен жарыса шапқандағы әсерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ол үшін адам өзі атқа отырып көру керек шығар. Сәйгүлігімді жақсы көремін. Оны күнде келіп тарап, күтім жасаймын.

Ольга Патошкина балаларды жастайынан бастап спортқа баулу қажет дейді. Оның айтуынша әр адам жылқы мініп үйренуі керек. Өйткені, бұл денсаулыққа өте пайдалы.

Бердимурат Баймухан