8 Наурыз

Петропавлда “Мейірім гүлшоғы” акциясы өтті

“Мейірім гүлшоғы”. Қалада осындай атаумен 8 Наурыз мерекесіне орай акция ұйымдастырылды. “Солнечный дом” қоғамдық қорының балалары өз қолдарымен 30-ға жуық ашық хат әзірлеп, шағын сыйлықтарын көшеде нәзікжандыларға табыс етті.

Картон, түрлі түсті қағаз бен желім. Бірі картон бүксе, екіншісі гүлдерін қиып, жапырақтарын жабыстырды. Осы заттардың көмегімен “Солнечный дом” қоғамдық қорының балғындары жылы лебізге толы 30-ға жуық ашық хат жасады.

–  Мен ең әдемі ашық хатты анама сыйлаймын.

– Бүгін мен 5 ашық хат жасадым. Ал бұл сыйлығымды әпкеме сыйламақшымын.

Кейін балалар бұл ашық хаттарды Қазақстан Конституциясы көшесімен келе жатқан нәзікжандыларға таратып, Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтады.
Тосын сыйға аналар қауымы қуанып қалды. Олар өз кезегінде күн сәулелі балаларға жылы лебіздерін білдіріп, кейбіреуі алғыс ретінде тәтті-дәмді ұсынды.

–  Балаларға алғысымды білдіргім келеді. Барша әйелдер қауымын келе жатқан мерекемен құттықтаймын. 

– Қолмен жасалған сыйлық қашан да бағалы. Мұндай тартуға қуанып қалдым.

Мұндай шараны ұйымдастыруға белсенді жастар мұрындық болған. Олар балаларға өз сыйлықтарын ұсынды.

Лилия Гизатуллина, СҚО еріктілер клубының жетекшісі:

– Мейірімге толы мұндай шараларды жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Мақсат – ерекше балаларға көтеріңкі көңіл күй мен қуаныш сыйлау.

Айта кетейік, “Мейірім гүлшоғы” деп аталатын акция өңірімізде алғаш рет өткізілуде.