Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі нәзікжандыларды 8 Наурыз мерекесімен құттықтады

Сұлулық пен нәзіктіктің мейрамы. 8 Наурыз күні адамзаттың ең әдемі бөлігі ерекше назарға бөленіп, құттықтаулар қабылдайды. Бірақ, бізге өмір сыйлап, “ана” деген ең әдемі атаққа лайықты жандардың орны бұл күні тіптен бөлек. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов солтүстікқазақстандық нәзікжандылармен кездесуі барысында осылай деді. Облысымызда қазір күміс пен алтын алқа тағынған 3 жарым мың ана бар екен.

Ал әйел бар жерде сұлулық, нәзіктік пен жылулық пайда болды. Кезінде ошақ иесі деп атанып кеткені де сондықтан шығар. Бүгінде қыз-келіншектер тіптен белсенді. Өздерінің сүйкімділіктерімен олар кез келген іске ажар сыйлап, кез келген жерді құлпыртып жібереді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жыл сайын қоғамдағы әйелдердің рөлі артып келеді. Бұл әлемдік тенденция. Бүкіл жақсылық әйелдерден басталады. Дана халқымыз айтпақшы “Жәннат – анамыздың аяғының астында.

Бар-жоғы 3-ақ әріптен құралған сөз – баршамызға бір әлемдей. Шынымен де бізге өмір сыйлап, “ана” деген ең әдемі атаққа лайықты жандардың орны бөлек. Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтерген нәрестесін қолына алғаннан кейін де олар қамқорлығын аямайды. Түнде кірпік қақпайды, күндіз шыр-пыр етіп сәбиінің жанынан шықпайды. Ал н балғындардың саны алтау не жетеу болса ше? Бұл аналар – нағыз батыр жандар.

Мереке қарсаңында Құмар Ақсақалов «Күміс» және «Алтын» алқамен 3 бірдей нәзікжандыны марапаттады. Соңғысын Вероника Иванова иеленді. Ол 7 баланы өзі тәрбиелеуде. Кезінде жанұясында жалғыз өскендіктен, үлкен отбасыны армандаған көрінеді. Бүгінде арман орындалды. Ивановтар үйі – қазір әрдайым топырлап жүрген балғындардың күлкісіне толы.

Вероника Иванова, «Алтын алқа» белгісінің иегері:

– Отбасымыз өнерлі. Дастархан басына жиналғанда кәдімгі концерт бастау алады. Бірі ән айтады, екіншісі өлең оқиды. Әрдайым бір-бірімізді қолдап жүреміз. Көп баланы тәрбиелеп-жеткізу қиын емес. Себебі, үлкендері кішілеріне көмектеседі. Ақыл-кеңестерін айтады. Мен жанұямды мақтан етемін. Балаларым – мен үшін зор демеу.

Гүлжан Нартбаеваның да жалғыз мақсаты – балаларына жарқын болашақ сыйлау. Нәзікжанды жұбайымен бірге 6 балаәрбиелеуде. Бүгін дәл осы батырлығы үшін ол күміс алқа тағынды. Жарты жылдай бұрын жанұя теріскейге Алматы облысынан қоныс аударыпты. Жаңа орын, жұмыс пен қиындықтан қорықпайтын отбасы солтүстікке үйренісіп үлгерген көрінеді.

Гүлжан Нартбаева – «Күміс алқа» белгісінің иегері:

– Балаларым мектепте оқиды. 3 балам – үйде. Өзім балаларымның күтімі бойынша үйде отырамын. Балаларым тәртіпті. Ешкімнің ала жібін аттамайды.

Әр ана осылайша көздері жайнап, ұл-қыздары жайлы мақтанышпен айтады. Ал біз өз кезегінде аналарымызбен мақтанамыз. Бала тәрбиелейді, үйге жылулық сыйлайды, таңертең таңғы асымен жанұясын шығарып салып, кешке кешкі асымен қарсы алады. Нәзікжанды дейміз, бірақ нағыз батылдық аналарымыздың өн бойында ғой. Қазақ халқының даналары айтқандай, «Әйел – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді».

Эльмира Садвокасова