Денсаулық сақтау

МӘМС жүйесінің тиімділігі

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында  кімдер және қандай қызметтерді тегін алуға болады? Ауыл тұрғындары жаңа жүйенің тиімділігі туралы біле ме? Ұйым өкілдері Тайынша ауданына барып жергілікті ағайынмен тілдесті, Келлеровкадағы амбулаторияның тындырған жұмысын байқады.

Келлеровка дәрігерлік амбулаториясына 17 елді мекенннің тұрғындары жүгінеді. Барлығы – 7,5 мыңға жуық адам келіп қаралады екен. Жыл басынан медициналық мекеме ӘМС қоры аясында 800-ден астам адамға қызмет көрсетіп үлгерген.

Гүлия Молдажанова – Келлеровка дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері, Тайынша ауданы:

– ӘМС жүйесі іске қосылғаннан бері тұрғындар қор қызметтерін белсенді пайдаланып жатыр. Жаңа жүйеге көңілдері толуда. Мәселен, жыл басынан біздің амбулаториямызда стоматологиялық және күндізгі стационар қызметтері тегін көрсетіліп келеді. Сондай-ақ, науқастарға Тайынша қаласында компьютерлік томографиядан ақысыз өтуге арналған жолдама бердік.

Мынау – амбулаториядағы тіс емдеу кабинеті. Білікті стоматолог Галина Талько күніне 15-ке жуық адам қабылдайды. Арасында балалар да бар. Бұрындары кейбір процедуралар ақылы болатын. Ал медициналық сақтандыру жұмысын бастағалы бері мұнда барлығы тегін дейді тіс дәрігері.

Галина Талько – Келлеровка дәрігерлік амбулаториясының тіс дәрігері, Тайынша ауданы:

– Қаңтардан ақпан айына дейін бізде МӘМС жүйесі аясында 387 стоматологиялық қызмет көрсетілді. Оның ішіне тіс жегісін, пародонтитті емдеу кіреді. Тағы тіске пломба салу да бар.

Келлеровка дәрігерлік амбулаториясында мемлекеттік оптика кабинеті де бар. Мұнда соңғы үлгідегі аппараттар орнатылған. Дәрігердің қабылдауы тегін. Ары қарай процедуралар ақылып болып келеді. Мәселен, көзілдірікке тапсырыс берілген жағдайда барлық үрдіс тез әрі жылдам атқырылады.

Жалпы, Келлеровка тұрғындары қазір тың жүйемен жан-жақты танысып жатыр. Ақ халаттылар алдына келген әр адамға жаңашылдық жайында егжей-тегжейлі баяндаймыз деп отыр.
Зәмзәгүл Қаббасова – көпбалалы ана. Нәзікжанды 15 санат бойынша жіктелген азаматтардың қатарына кіреді. Сол себепті, қор аясында медициналық қызмет алу үшін ақша жұмсамайды.

Зәмзәгүл Қаббасова – Келлеревка селосының тұрғыны, Тайынша ауданы:

– Мен көпбалалы анамын. Осы медициналық мекемеге жиі келіп тұрамыз. Барлық қызметтер тегін көрсетілуде.

Айта кетейік, бүгінде Келлеровка дәрігерлік амбулаториясында 25 қызметкер жұмыс істейді. Оның 5-уі – дәрігерлер. Әкімшіліктің айтуынша емдеу мекемесінде кадр жетіспеушілігі жоқ.

Дана  Ешкенова