Денсаулық сақтау

МӘМС қоры аясында атқарылған жұмыс

Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасы қаладағы медициналық мекемелерден қалыс қалмауда. Жыл басынан дәрігерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында 300 адамға қызмет көрсеткен.

Бұл – Тайынша ауданының көпбейінді ауданаралық ауруханасы. Емдеу мекемесі үлкен. Нысан жаңа қондырғылармен жабдықталған.

Анатолий Рафальский – Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының бас дәрігері:

– Біздің ауруханаға бір ауысымда 400 адам келе алады. 120 орындық стационар бар. Қарамағымызда 6 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік қосын жұмыс істейді. Сондай-ақ, МӘМС жүйесі енгізілгелі біздің ауруханамызда оңалту орталығы ашылды. Қазір емделушілерге толыққанды медициналық көмек көрсетіледі. Бұрындары мұндай диагностикалық қызметтер қарастырылмаған болатын.

Владимир Герасимчук оңалту бөлімшесіне 17 күн бұрын түскен. Әуелде инсульт алып, жарты денесі жансызданып қалыпты. Оңалту шараларының арқасында зейнеткер қазір ақырындап жүре бастаған.

Владимир Герасимчук – Тайынша ауданының тұрғыны:

– Басында халім нашар болды. Тіпті, тұра алмадым. Оңалту шараларының арқасында жағдайым қазір біраз жақсарып қалды.

Тағы, өткен жылдың соңында ауруханаға компьютерлік томограф орнатылған болатын. Осы үшін енді тайыншалықтарға Петропавлға барудың қажеті жоқ. Аталған қызмет түрі тегін көрсетіледі. Мұның барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің аясында мүмкін болып отыр. Оған қоса, ауруханада бүйрегінде ақауы бар жандарға арналған гемодиализ кабинеті де бар. Мұндағы қызметтер де ақысыз түрде көрсетіледі. Жалпы, Тайынша ауданының көпбейінді ауданаралық ауруханасы жаңа жүйе бойынша 300-ге жуық адамды қабылдап үлгерген.

Лариса Гордеева, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ директоры:

– Қазір емделушілердің барлығы медициналық қызметтерді тегін алып жатыр. Алайда, сәуірдің 1-інен бастап өңіріміздің кей тұрғындары бұл мүмкіндіктен қағылуы мүмкін. Себебі, статиска көрсеткендей 20 мың солтүстікқазақстандық үшін жұмыс берушілері тиісті аударым жасамапты. Сол себепті, солтүстікқазақстандықтарға айтарым, наурыздың 31-і дейін мәртебені анықтап, міндетті түрде сақтандырылу қажет.

Егер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы толық ақпарат алғыңыз келсе 1406 нөміріне тегін хабарласып, толғандырған сұрақтарға жауап алуға болады.

Дана Ешкенова