Спорт

Өңірде қазақ күресінен республикалық турнир өтуде

Петропавлда қазақ күресінен республикалық турнир бастау алды. Тартысты бәсеке 2 күнге жалғаспақ. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық палуан қатысып жатыр. Бүгін / шаршы алаңда 45 пен 65 келі салмақ аралығындағы өрендер күш сынасты.

Алдымен шаршы алаңға байрақты бәсекеге қатысып отырған 20 құрама шақыртылды. Тепсе темір үзетін жігіттердің тең жартысы – теріскейліктер. Қожаберген жырау атындағы республикалық турнир биыл өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр екен.

Асылхан Булатов: турнирдің бас төрешісі:

– Жалпы, 200-ге жуық спортшы қатысып отыр. Оның 120-сы бүгін кездеседі. Қалған 80-і ертең белдеспек.Алғашқы рет Петропавлда 3 жыл бұрын облыстық турнир ретінде ұйымдастырылған. Енді ол республикалық турнир деңгейінде өтіп отыр.

Көп кешікпей көптен күткен дода басталып кетті. Жігіттердің дайындығы жоғары деңгейде екені өздеріне деген сенімділіктен сезіліп тұр. Бүгін 45 пен 65 келі салмақ аралығындағы жігіттер тартыспақ. Алғашқылардың бірі болып шаршы алаңға солтүстікқазақстандық палуандар шақыртылды. Бірінші минуттардан-ақ шалақандық өрен ұпай еншілеп, өз басымдылығын көрсеткен еді. Алайда, Ақжар ауданының тумасы Әділет Ануарбек жеңісті қолдан бермей, шешуші сәтте ұпай еселеп келесі кезеңге жолдама алды.

Әділет Ануарбек: турнирге қатысушы, Ақжар ауданы:

– Бұл қарсыласымен осымен бірнеше рет кездесіп отырмын. Кейде ол ұтады, ал кей кездері мен жеңемін. Енді бүгін менің бағым жанған сияқты.

Ертең шаршы алаңда салмақтары 65 пен 80 келі аралығындағы палуандар белдеседі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен кубоктар табыс етіледі.

Актолкын Солтанханкызы