Қоғам

Жетім көрсең жебей жүр

Жетім көрсең жебей жүр. Мамлют ауданына қарасты Покровка ауылында баршаға үлгі болып отырған жанұя бар. 2016 жылы күнгейден қоныс аударған көпбалалы отбасы былтыр балалар үйінен 2 ұлды бауырына басыпты. Мақсат пен Дамир есімді қос балақай бүгінде жаңа отбасында ата-ана мейіріміне бөленуде.

Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халықпыз. Сырмановтар отбасы бұған айқын дәлел. Отау көтергендеріне 33 жыл болған көпбалалы жанұя аққайыңдар өлкесіне 2016 жылы қоныс аударыпты. Олар Мамлют ауданына Түркістан облысынан 6 баласымен көшіп келген. Олардың 4-уі есейіп отау құрыпты. Қазір ата-аналарынан бөлек тұрып жатыр. Ал кенжесі мектеп жасында.

Абсалы Сырманов – Покровка селосының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Үлкен ұлым 31-де. Басқа қалада тұрады. Өзінің жеке кәсібі бар. Ортаншысы спорт мектебінде оқиды. Ал кіші ұлым үйде.

Келе салысымен жаңа мекенге тез үйренісіп кете алмадық. Бірақ, жергілікті билік қолдау көрсетіп, аяққа тұруға қол ұшін созды дейді Гүлчехра Сырманова. Үйге жиі бас сұғып, жағдайларын біліп отырады екен. Тіпті, көкөніс егуге жер жыртып беріп, қыста отын-сумен қамдапты.

Гүлчехра Сырманова – Покровка селосының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Ең алғаш келгенде аздап қиындықтар болды енді. Субсидия кешіктіріліп берілді. Бірақ аудан мен ауыл әкімдері көмектесіп, барлық жағдайды жасады. Көктемде де трактормен келіп көкөністерді егуге көмектесті.

Отанасы жергілікті кәсіпорындардың бірінде зертханашы болып жұмыс істейді. Ал шаңырақ иесі мал ұстап, құс өсіріп отыр. Жағдайлары айтуларынша жаман емес. Осыдан шамамен 4 ай бұрын ерлі-зайыпты көпке үлгі боларлық қадам жасаған Балалар үйінен 2 ағайынды ұлды бауырларына басыпты.

Гүлчехра Сырманова – Покровка селосының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Мақсат пен Дамирді Қарағандыдан алып келдік. Қазір балалар осында үйреніп кетті. Оларға ата-ана мейірімін сыйлағымыз келді.

Балалардың сабағы мен оқу үлгерімін отанасы үйде қадағалап отырады. Алғашқыда бүлдіршіндер жатырқағанмен, қазір бір үйдің баласындай тату-тәтті дейді Гүлчехра Сырманова. Мақсат 4 айдың ішінде қазақ тілін жетік меңгеріп алыпты. Қазір 1-ші сыныпта оқиды. Ал інісі Дамир балабақшаға барады екен.

Мақсат Самусенко:

– Атам мен апам маған қазақша үйретті. Мен қазақ мектебінде оқимын. Үйде ағам, бауырым үшеуіміз бір-бірімізге көмектесіп жүреміз.

Балаларға ай сайын үкіметтен 26 мың теңге төленіп тұрады екен. Бұл қаржыны олардың киім-кешегі мен мектеп құралдарына жұмсаймыз дейді анасы. Жалпы, былтыр Мамлют ауданына 33 отбасы көшіп келген. Оларға үкіметтен 25 млн теңге көлемінде субсидия беріліп, баспанамен қамтылған.

Бибігүл Қасенова – Мамлют аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Биыл келетіндерге тағы 54 үй салынады. 36 отбасы келеді. Оның ішінде 2-уі оралман. Жалпы, 133 адам.

Міне, Сырмановтар жанұясы осындай қайырымды істерімен барша ауыл жұртына үлгі болып отыр. Мейірімді жандар алдағы уақытта тағы 2 бала асырап алғымыз келеді дейді.

 

 

 

Бердимурат Баймухан