8 Наурыз

Үздік аға тергеуші – Жайнагүл Ташмаханова

Балалық арман абыройлы қызмет атқаруға жетелеген. Шыттай форма, иықта – жарқыраған жұлдыздар. Капитан Жайнагүл Ташмаханова құқыққорғау органдарында аға тергеуші болып еңбек етеді. Қауіпті, қиын әрі темірдей тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін қызметте жерлесіміз біраз жетістікке жеткен. Өн бойында қажырлықпен қатар нәзіктікті де үйлестіре білген жанмен 8 Наурыз қарсаңында жүздесіп қайттық.

Өңірдің үздік тергеушісі Жайнагүл Ташмаханова қалалық полиция бөлімінің 5-ші қабатындағы 513-ші кабинетте еңбек етеді. Жұмыс уақытының көп бөлігін осы жерде өткізеді. Үстел толы қағаз, компьютерде де түрлі істер бар, сан қилы ой, жұмыс жететін, жоспар да көп – бәрін тындыру керек. Полиция қызметкері болып үсітне шыттай формау киюді Жайнагүл ханым бала кезінен армандапты. Арман бөлек, таңдаған кәсіп шынайы өмірде қандай? Жұмысының қиын екені белгілі, жауапкершілік зор. Қызметтегі қатал тәртіп адамның өн бойына сіңуі мүмкін. Бірақ, біздің кейіпкеріміз сол қажырлық пен нәзіктікті бір өзінде үйлестіре білген.

Кезінде ІІМ-нің Қарағанды академиясын тәмамдаған тәртіп сақшысы спорттан да кенде емес.

 Жайнагүл Ташмаханова, Петропавл қаласы ПБ аға тергеушісі:

– Оқуға түскен кезме дене шынықтырудан нормативтерді жақсы тапсырдым. Ал, қазір қағаздармен көп жұмыс істейміз. Қылмыстық істің басталуы мен аяқталуын жазып отырамыз.

Іске қатысты материалдарды талдау, факті жинау, ізденіс, кім дұрыс, кім бұрыс айтады. Білікті тәртіп сақшысында тәжірибеден бөлек, психолог ретінде де қарым-қабілет қалыптасады дейді Жайнагүл Ташмаханова. Ал қылмыс орнына шыққанда тергеушінің жүйрік ойы бірден оқиғаның қалай өрбігенін қалыптастырады.

Қылмысты ашып, қылмыскерді құрықтауда Жайнагүл ханым үздіктердің бірі дейді әріптес ер азаматтар.
Полиция қызметкері болу – абыройлы, бірақ қауіпті, қиын әрі жауапты жұмыс. Мұны жақсы білетін ата-анасы әуелде қыздарының тәртіп сақшысы боламын деген тілегін таңданыспен қабылдаған екен.

 Жайнагүл Ташмаханова, Петропавл қаласы ПБ аға тергеушісі:

– Әкем мені бірден қолдады. Ал, анам бастапқыда қарсы болды. Кейін, жоғары оқу орнын бітірген соң, Жамбыл ауданында жұмыс істедім.

Бұл күні біздің түсірілім тобы полиция қызметкерлерімен бірге оқиға орнына барды. Қаладағы дүкендердің бірінде ұрлық фактісі орын алған.

Анықталғандай, бір әйел адам қызыққан киімдегі қорғаныс затын тісімен жұлып алып тастаған. Кейін қолды қылған дүниені басқа жерге апарып сатпақшы болыпты. Жасалған қылмысты анықтауда бейнекамераның көмегі тиді.

Жайнагүл Ташмаханова 7 жылдың ішінде талай қылмысты әшкерелеген. Кейбіреуі есінде қалып қойған екен.

Жайнагүл Ташмаханова, Петропавл қаласы ПБ аға тергеушісі:

-Ең есімде қалған жайт – адам өлімі фактісі бойынша болды. Аға інісіне қол жұмсаған еді. Ол уақытта жұмысқа енді ғана кіріп едім.

2 істі де Жайнагүл Ташмаханова сотқа дейін жеткізген, айыптыларға жаза тағайындалыпты. Осы еңбегі үшін ол мапаратқа ұсынылған. Облыстың үздік тергеушісі атағын аларда тәртіп сақшысы қатты қобалжығанын айтты. Тіпті, сахнаға көтеріліп, марапат алған сәт есімде жоқ дейді.
Жайнагүл Ташмаханованың сөзінше тәртіп сақшысы үшін басты сыйлық – тұрғындардың мейірімі мен алғысын алу.

Данаш Хамзина