Қоғам

Мемлекеттік мекемелердің жұмыс сапасын бағалау

Сот, мемлекеттік кірістер департаменті, жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтары. Солтүстікқазақстандықтар аталған мекемелердің жұмыс сапасын мобильдік қосымша арқылы бағалай алады.

“Digital agent”. Бұл тұрғындардың мемлекеттік мекемелерге қатысты мақтау болса мақтап, мін табылса сынап, жалпы өз пікірін қалдыруға мүмкіндік беретін мобильдік қосымша.

Бұл жүйе қалай жұмыс істейді? Ең алдымен бағдарламаны телефонға жүктеп алу керек, сосын тіркелесіз. Онда белгілі бір мекемелер жазулы. Қайсысына жазба қалдырасыз – өз қалауыңыз.

Айсұлу Оразбекова: ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі облыстық департаментінің бас маманы:

– Егер қандай да бір хабарлама түссе, біз оны бірден қарастырамыз. Тұрғындардың арыз-шағымын 5 минутта талдап, тіркелген нөмерге хабарласып, істің мән-жайын сұрастырамыз. Кейін белгілі мекеме өкілімен сөйлесіп, мәселені шешуге тырысамыз.

Мамандардың сөзінше мобильдік қосымша іске қосылғалы бері 2 жылдың ішінде 2 мыңға жуық хабарлама келіп түскен. Бұл аз ба, көп пе – оны дөп басып айту қиындау. Бірақ, нәтижесі бар дейді. Яғни, қаралған арыз-шағымдар бойынша тиісті жұмыс атқарылыпты.
Десе де, тұрғындар арасында шағын сұрастыру жүргізіп едік, кездескендері мұндай жүйеден бейхабар екендіктерін айтты.

– Қосымша туралы бұрын-соңды естімеппін. Қызметкерлер келіп оның қалай жұмыс істейтіндігін түсіндірді. Енді міндетті түрде жүктеп аламын.

– Бұл бір жаңашыл дүние екен. Тиімділігін байқап көрейік.

Айта кеткен жөн, мобильдік қосымшадағы ұйымдардың қатары көп емес, тізімде бас-аяғы 4-ақ мекеме бар. Олар: сот, мемлекеттік кірістер органдары, халыққа қызмет көрсету және жұмыспен қамту орталықтары. Тізім жыл соңына дейін толықтырылуы мүмкін.

 

 

Актолкын Солтанханкызы