8 Наурыз

Мүмкіндігі шектеулі жандар – қоғам назарында

Мүмкіндігі шектеулі жандар – қоғам назарында. 8 Наурыз мейрамы қарсаңында “ОРиДИ” қоғамдық бірлестігі ерекше балалар мен олардың аналарына арнап ойын-сауық бағдарламасын әзірлеген.

Гүлвира Инебекова – бүгінгі шараға шақырту алған қонақтардың бірі. Қызы Әлия 15 жаста. Туғанынан церебралды сал ауруына шалдыққан. Осы уақыт бойы Гүлвира Инебекова қызына демеу болып, аналық парызын жауапкершілікпен атқаруда. Әлиядан басқа тағы 3 баласы бар екен. Ең кішісі 4-те.

Гүлвира Инебекова:

– Мен қызымды үйде өзім оқытамын. Әрине, қиындықтар бар. Біз сияқты ата-аналарға балалары үшін әрі психолог, әрі педагог, әрі логопед болуларына тура келеді.Кейде үміт үзіп, еңсеміз түскен уақыттар да кездеседі. Бірақ, барлығы жақсы болатынына сенеміз. Балалар барлығын сезеді, біз олар үшін мықты болуымыз керек.

6 жасар Милана бұл шараға анасы мен ағасы Кирилл үшеуі келіпті. Ол кішкентайынан ерекше балаларды тәрбиелеу өте қиын жұмыс екендігін түсінеді, сондықтан анасына үнемі үй шаруасымен көмектесуге тырысады.

Милана Никепелова:

– Менің ағам 18 жаста. Есімі – Кирилл. Біз онымен шашки, шахмат секілді үстел ойындарын ойнағанды жақсы көреміз. Сондай-ақ, ағам екеуіміз театрға барып, саябақта серуендегенді ұнатамыз.

Халықаралық әйелдер күніне арнап ұйымдастырушылар аниматорларды шақыртқан, түрлі қызықты сайыстар әзірлепті. Ал ата-аналар осы сәттерді суретке түсіріп алуға тырысты.
“ОРиДИ” қоғамдық бірлестігі 1997 жылы құрылған. Содан бері қайырымдылық шараларын өткізуді дәстүрге айналдырыпты.

Наталья Емельянова, «ОРиДИ» ҚБ төрайымы:

– Бұл мерекелік шараға 8 ана және сал ауруы мен эпилепсияға шалдыққан 8 бала келді. Біз оларға демеушілердің көмегімен барынша жәрдем беруге тырысамыз. Түрлі мерекелік іс-шараларды, туған күндерді бірге атап өткіземіз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша бұл шараның басты мақсаты – даму мүмкіндігі шектеулі балғындар мен олардың аналарының бір сәтке болса да көңілін көтеріп, қуаныш сыйлау.