Мәдениет

Эстрадалық және джаз музыкасы оркестріне – 20 жыл

“The Best”. Жуырда осындай атаумен Жастар сарайында жергілікті эстрадалық және джаз музыкасы оркестрінің 20 жылдығы аталып өтілді.

Бұл өнер ұжымының құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Оркестрдің қоржынында 150-ден аса 2000-жылдардағы әуезді әндермен қатар заманауи музыка да бар. Онымен қоса, көбі біле бермейтін свинг, би-боп, фьюжн сияқты бағыттар да негізге алыныпты.

Геннадий Брюханов, облыстық филармонияның эстрадалық және джаз музыкасы оркестрінің көркемдік жетекшісі:

– Өнерсүйер қауымға бұрынғы жаттанды әндерден бөлек, жаңа туындыларды да ұсынып жатырмыз. Сахнаға шыққан сайын көрермендерді таң қалдыруға тырысамыз. Сол себепті, әр кешті өткізерде тыңбай еңбектенеміз. Болашаққа жоспарларымз ауқымды. Наурыздың ортасына қарай гастрөлдік сапарға шығамыз ба деген ойдамыз.

Жергілікті көрермендерге жол тартқан жаңа туындылардың бірі американдық “Маска” киносының саундтрегі “Hey Pachuco” деп аталады.

Концертті тамашалай отырып музыканттардың өз ісінің шеберлері екеніне көз жеткізесің. Олар көрермендерге мерекелік көңіл-күй мен ерекше рух сыйлай білді. Өнер ұжымының деңгейін жерлестеріміз жоғары бағалайды. Оған бүгін залдың лық толуы дәлел.

Жалпы, оркестр 20 жылда тек Қазақстанды ғана аралап қоймай, көрші Ресейдің бірқатар облыстарында өнер көрсетіп, өз тыңдармандарын тапқан екен.

 

 

Актолкын Солтанханкызы