МТРА жаңалықтары

Биыл 300 жер үй сүріледі

Соңғы 3 жылдың ішінде Петропавлда 700-ден аса жер үй сүрілді. Биыл тағы 300 баспана бұзылмақ. Еңкіш тартқан, ескі нысандардың орнын биік, әдемі көпқабатты үйлер басады.

Былтыр СҚО-да 250 мың шаршы метр болатын баспана тапсырылды. Бұл 2018-бен салыстырғанда 15 пайызға көп. Бірақ, өңірде пәтерге қажеттілік әлі күнге азаяр емес. Құрылыс компаниялары сұранысты қанағаттандыруға дайын ба? Серік Мұхамедиевтің сөзінше, бизнес өкілдерінің қызығушылығы артып келеді. Егер екі-үш жыл бұрын аймақта тек 2 жеке құрылыс компаниясы болса, бүгінде олардың саны 15-ке жетті. Баспаналарды тұрғызуға құйылып жатқан қаржы да көбейді. Былтыр 30 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Бұл 2018-дегі көрсеткіштен 44 пайызға көп.

Серік Мұхамедиев – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– 2019 жылы 2573 пәтер қолданысқа тапсырылды. Кезекте тұрған 700 азамат баспаналы болды. Олардың 434-і – әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. Жалпы, 9 мыңнан аса жерлесіміздің тұрғын үйлерге байланысты жағдайы жақсарды.

Үстіміздегі жылдың межесі одан да асып-түседі. Халық игілігіне 280 мың шаршы метр қолданысқа тапсырылады. Облыс орталығының өзінде ғана 25 көпқабатты үй бой көтермек. Олар Жас Өркен, Береке ықшам аудандары мен Уәлиханов көшесінің бойында тұрғызылады деп жоспарлануда. Басым бөлігін жер үй секторының орнына салу көзделіп отыр. Осылайша, құрылысқа кететін уақыт көбейеді. Баспананы қала шетінде тұрғызған оңайырақ. Бірақ, кейін инфрақұрылымды тартуға кететін қаржы бұл шаруаны ақтамайды әрі қоғамдық көлікте жүру құны да өседі. Сондықтан, Петропавлда еңкіш тартқан баспаналарды сүру жалғаспақ. Бүгінде жалпы жер үй секторында 15 мың нысан бар екен.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 10-15 баспананы сүріп, орнына 10 есеге көп пәтері бар үй тұрғызамыз. Бұл жер жеке құрылыс компанияларына беріледі. Бастамамыз мемлекет басшысының тарапынан да қолдау тапты.

Айта кету қажет, соңғы 3 жылдың ішінде Петропавлда 700-ден аса жер үй сүрілді. 2020 жылы тағы 300 баспана бұзылмақ. Заманауи көпқабатты баспаналардан бөлек облыс орталығында аурухана, театр, мектеп мен жергілікті университеттің жаңа корпусы сынды ірі нысандар да бой көтермек. Бастысы – мердігерлер жоспардан қалмай, ғимараттарды сапалы тұрғызулары тиіс. Аймақ басшысы компанияларға берілетін кепілдік мерзімді 3 жылға дейін ұлғайтуды тапсырды. Сонда ғана құрылысшылар сапалы материал қолданатын болады деді Құмар Ақсақалов. Соңғысы – біздің өңір үшін өткір тұрған проблемалардың бірі. Құмнан басқасының барлығын біз өзге облыстардан жеткіземіз. Тіпті, негізгі материалдардың бірі – кірпішті де теріскейден таппайсың. Жағдайды өзгертуге жаңа зауыт септеспек. Үстіміздегі жылдың күзінде өңірде кірпіш өндірісі қолға алынады. Құрылыс саласындағы тағы бір мәселе – кадр жетіспеушілігі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрылыс маусымында көп жұмысшы қажет болады. Ірі нысандардың өздеріне ғана 2 мыңға жуық адам тартылады. Сіздер осы бастан-ақ кімнің қандай нысанға жұмылдырылатынын білулеріңіз қажет.

Өңірдегі құрылыс маусымы қысқа. Сондықтан, жұмысшыларды барынша іске тарту керек. Шаруаға студенттік жасақтарды да қатыстырған абзал. Әзірге, бұл шаруа сылбыр атқарылуда дейді өңір жетекшісі. Кадр жетіспеушілігіне құрылыс компания басшылары да шағымдануда. Анықталғандай, жазда еңбектенуге құлық танытатын студенттер аз емес екен. Бірақ, оларға арналған бос жұмыс орындарының саны бар-жоғы 20 ғана. Құмар Ақсақалов оқу ордалары мен құрылыс ұйымдарының арасында байланыс орнатып, жастардың неліктен екі қолға бір күрекпен қамтылмайтынын анықтауды тапсырды. Шаруаны мардымды атқармайтындар тек мердігерлер ғана емес. Таяқтың бір шеті жобаны іске асыруға асықпайтын аудан әкімдеріне де тиді. Қазынадан жолды жөндеуге, су құбырларын тартуға ақша бөлінеді. Бірақ, жұмыс жобалық-сметалық құжаттаманың жоқтығынан атқарылмайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мұндай мәселе Петропавл қаласында да, аудандарда да жиі кездеседі. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге олардың қаражаттары болмайды. Себебі, салық дұрыс жиналмайды. Неге десеңіз, кәсіпорындар жоқ, аудандықтар жұмыс орындарын ашпайды. Біз инфрақұрылымды дамытуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға облыстық бюджеттен енді қаражат бөлмейміз!

Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлейтін кәсіпорындар да жоқтың қасы екен, үшеу ғана. Сондықтан, шаруаға өзге өңірлердің мамандарын тартуға тура келеді. Олар теріскейдегі өзгешеліктерді білмейді, салдарынан жобаға кейін өзгерту де көп енеді екен. Атқарылып жатқан жұмыстың барысын қоғам өкілдері мен депутаттар бақылаулары тиіс. Тек көпқабатты үйлерді ғана емес, елді мекендерде тұрғызылып жатқан баспана құрылысын да назарға алу керек. Өткен жылы ауылдарда 430 үй салыныпты. Биыл тағы 688-і бой көтереді. Мұндай көрсеткіш өңірде бұрын-соңды болған емес. Нысандардың дені түстіктен көшіп келген отбасыларға арналған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бізге өзге өңірлерден қоныс аударған отбасылардың баспананы өздері салғаны тиімді. Себебі, үйді тұрғызуға қарастырылған 7 млн-ның 1,5 млн-ы тек жұмысшыларды жалдауға кетеді. Қаражатты одан да жанұяларға беріп, құрылыс материалдарымен толық қамтыған дұрыс. Бірақ, өткен жылы бұл бастама тек Шал ақын ауданында ғана жүзеге асырылды. Аталған өлкеде 8 отбасы өздеріне үй тұрғызып алды.

Армандағы баспананы тұрғызғаннан кейін, талапқа сай – отбасылар пәтерақы төлейтін болады. Ал жергілікті атқарушы билік өкілдері жанұяларға ауланы аббаттандыруға көмектесулері қажет. 2019-да аталған шаруаны барлығы бірдей орындамапты. Биыл мұндай олқылықтарға жол беруге болмайды деді аймақ басшысы.

Эльмира Садвокасова