Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Ата-баба рухына лайық боламыз” акциясы бастау алды

Ата-баба рухына лайық боламыз! Облыста Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай акция бастау алды. Шара аясында 314-ші атқыштар дивизиясының жалауы кезекпен мектептер мен әскери гарнизон бөлімдеріне табыс етіледі. Байрақ мамырдың 7-сі қайтадан облыс орталығына жеткізіледі.

314-ші атқыштар дивизиясы 1941 жылы Петропавлда құрылған ең ірі әскери бөлім болған. Оның құрамындағы сарбаздардың 70 пайызы, яғни 10 мыңнан астамы – солтүстікқазақстандықтар. Жауынгерлер алғашында Солтүстік Батыс майданына аттанады. Ол жақта ірі шайқастарға қатысып, ерлікпен күрес жүргізген. Дивизияның күшімен 20-дан аса қала мен 100-ге жуық елді мекен басқыншылардан азат етіліпті.

Жауынгерлер азат етілген жерлерге мынадай жалауды қалдырып отырған. Бұл елді мекен тұрғындарын 314-ші атқыштар дивизиясы қорғайтындығының белгісі болыпты. Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай елімізде “Ата-баба рухына лайықты боламыз” акциясы бастау алған. Шара аясында жалаудың нұсқалары Қазақстанның барлық аймақтарына жеткізіледі. Аталған акция бүгін Петропавлда да ұйымдастырылып отыр.

Жігер Қасымов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті әскери-патриоттық қызметінің бастығы:

– 28-ші ақпаннан бастап Нұр-Сұлтан қаласында акция бастау алды. Шараның негізгі мақсаты – жастарға 314-ші атқыштар дивизиясында болған батырлар жайлы баяндау.

314-ші атқыштар дивизиясының жалауы облыстық тарих-өлкетану музейіне қойылды. Өйткені, қан майданда қасық қаны қалғанша шайқасқан солтүстікқазақстандық жауынгерлердің жәдігерлері дәл осы жерде сақталған. Мына бір стендтерге сарбаздардың суреттері ілініпті. Сондай-ақ, олардың қолданған жеке заттары да бар.

Вера Андреева – облыстық тарих-өлкетану музейінің маманы:

 – Музейге жауынгерлердің жеке заттары мен фотосуреттерін туыстары мен жақындары табыс еткен. Біз экскурсияға келген оқушыларға батырлар мен олардың ерліктері жайлы баяндап отырамыз.

Жалау облыстық тарихи-өлкетану музейінде наурыздың 16-сына дейін сақталатын болады. Кейін, өңірдегі мектептер мен әскери гарнизон бөлімдеріне табыс етіледі. Байрақ мамырдың 7-сі күні қайтадан облыс орталығына жеткізіледі.

 

 

 

Маржан Касымбек