Құқық қорғау органдары

Жыл басынан бері 28 жасөспірім ПД есебіне қойылған

Жыл басынан бері өңірдің тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандардың арасындағы құқыбұзушылықтың алдын алу үшін 69 рейд өткізіпті. Шараның нәтижесі бойынша 28 жасөспірім есепке алынған. Мұндай жұмысты полиция қызметкерлері мереке күндері қарсаңында тағы да күшейтті.

Көшелер, аулалар, дәмхана мен компьютерлік клубтар. Әр кеш сайын жастардың басым бөлігі уақыттарын дәл осы жерлерде өткізеді. Араларында 18-ге толмаған жасөспірімдер де болады. Полиция қызметкерлері де бұл жерлерге жиі барады. Көңіл-көтеру үшін емес, әрине. Тәртіп сақшыларының мақсаты – құқықбұзушылықтарға жол бермеу.

Асхат Еменалин – Петропавл қалалық ПБ инспекторы:

– Күн сайын түнгі 11-ден кейін заңды өкілдерінсіз жүрген жасөспірімдерді анықтау бойынша рейд шараларын өткіземіз. Егер кәмелетке толмаған ұл-қыздар алғаш рет ұсталса, ескерту жасалады. Бір жыл көлемінде заңбұзушылық қайталанатын болса, заңды өкіліне 7 АЕК көлемінде айыппұл саламыз.

Полиция қызметкерлері 3 сағаттың ішінде 3 жасөспірімді ұстаған. Кәмелетке толмағандар 11-ден кейін де көңіл-көтеріп, қыдыруға бел буған екен. Үйлеріне олар ата-аналарымен бірге қайтты. Тәртіп сақшылары бұл жолы тек ескерту жасады.

– Сен кәмелетке толмағансын әлі. Толық жасын нешеде? – 17-демін. – 18-ге қашан толасын? – Алтыншы июнь. – 11-ден кейін саған жүруге болмайды. Үйде отырыңдар.

Жасөспірімдер тарапынан заңбұзушылыққа жол бермес үшін өңір тәртіп сақшылары күн-түн демей еңбектенуде. Жыл басынан ортақ тәртіпке бағынбаған 609 азамат жауапкершілікке тартылыпты. Оның ішінде балалары түнгі уақытта үйлерінде болмаған 360 ата-ана бар. Көңіл көтеретін орындардан бөлек, ювеналды полиция тәртібі нашар балалардың әке-шешелерін де тексереді. 2 айдың ішінде мұндай 162 ата-ана жауапкершілікке тартылды.

Эльмира Садвокасова