Қоғам

Жерлеу рәсімімен айналысатын кәсіпорындардың жұмысы – жіті назарда

Жерлеу рәсімімен айналысатындардың жұмысы – жіті назарда. “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің өкілдері қаладағы христиан зиратына барып, сол жерде қызмет көрсететін кәсіпорынның жұмысын тексерген.

“Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің өкілдері жуырда түрлі салаларда 8 мониторингтік тексеріс өткізген. Соның ішінде жерлеу рәсімімен айналысатын компаниялардың да жұмысын жіті назарға алыпты. Себебі, қазіргі таңда жерлеу рәсімі бизнеске айналып, марқұмды ақтық сапарға шығарып салудың өзі қымбатқа түсетін болған.

Амангелді Сатанов – “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Біздің қызметкерлеріміздің бірі жуырда жасырын сатып алушы болып қаладағы жаңа христиан зиратына барды. Ол сондағы жұмыс істейтін адамдарды сөзге тартып, жерлеу орны қалай анықталады және жақсы деген орынның құны қаншаға түсетінін сұрастырған. Ондағы қызметкер жайлы орындарды көрсетіп, құны 73 мың теңге деп жауап берді.

Сонда 73 мың теңгенің ішіне не кіреді? Біріншіден, жайлы орын, жерді қазу және марқұмды көму рәсімдері. Бірақ, заңға сәйкес елімізде жерлеу үшін 6 шаршы метр тегін беріледі. Дәл осы норманы кәсіпкерлер бұзбаса да, жерлеу орнының алыс-жақындығына қатысты бағаны өзгертетін көрінеді.

Амангелді Сатанов – “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Оның үстіне жерлеу рәсімімен айналысатын мамандардың сөзінше егер манағы 73 мыңның үстіне тағы 10-15 мың теңгені қоссаңыз, жерлеу орнын зираттың кіреберісіне жақын маңнан алуға болатынын айтқан.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің айтуынша жерлеу қызметтерін ұсынатын кәсіпорындар белгілі бір орган өкілдерімен байланыста болатын көрінеді. Әйтпесе, адамның қайтқаны туралы туыстары ақ халаттылардан емес жерлеу рәсімімен айналысатындардан естіген жағдайлар да кезігіпті. Қазаны естірту арқылы өз қызметтерін ұсынған. Айта кетейік, Петропавл қаласының аумағында екі христиан зираты бар.

 

 

Ешкенова Дана