Спорт

Құлағының мүкісі бар спортшылар ел біріншілігінен оралды

Құлағының мүкісі бар спортшылар ел біріншілігінен оралды.Жерлестеріміз ақпанның 26-сы мен 27-сі күндері Қарағанды қаласында 15 медаль еншілеген. Байрақты бәсекеде облыс намысын 16 жас қорғапты.

Ұл-қыздардың күнделікті дайындықтары осылай басталады. Алдымен денені қыздыртатын, кейін бұлшық етті созатын жаттығулар орындайды. Бұның барлығына спортшылар күніне 3 сағат жұмсайды. Олардың әрқайсысы жеңіл атлетиканың белгілі бір түрінде өзін көрсетіп, енді осы салада шыңдалып келеді.
Мәселен, Татьяна Терехова соңғы жарыстардың бірінде қашықтыққа жүгіруден үздік атанған. Тағы, 3 қарғып секіруден күміс жүлдеге ие болыпты.

Татьяна Терехова – жеңіл атлетикадан өткен дәстүрлі қысқы чемпионаттың жүлдегері:

– Спортың бұл түріне мені жаттықтырушым бағыттады. Жеңіл атлетикамен айналысып жүргеніме 7 жылдай болып қалды. Бастапқы кезеңде өзіме сенімсіз болдым, кейін жылдар бойғы еңбек өз нәтижесін берді. Қазір түрлі сайыстарға қатысып, міндетті түрде жүлдемен ораламын.

Ал Анастасия Соловьева ұзындыққа да, биіктікке де секіреді. Соңғы аталым бойынша нәзікжанды жуырда алтыннан алқа тағынған. Ол биікке секіруден 130 см-ді бағындырып, ұзындыққа қарғудан 4 жарым метрді бағындырыпты.

Анастасия Соловьева – жеңіл атлетикадан өткен дәстүрлі қысқы чемпионаттың жүлдегері:

– Мен осы жерде жаттығып жүргендердің арасында ең үлкенімін. Спортпен айналысып жүргеніме 3-ақ жылдай болды. Қарағанды қаласында өткен тартыста аяғымды ауыртып алдым. Сол себепті, алға қойған мақсаттарымды орындай алмадым. Дегенмен, алда тағы түрлі дүбірлі додалар бар. Міндетті түрде жеңімпаз атанамын.

Ақпанның 26-сы мен 27-сі күндері Қарағанды қаласында өткен тартысқа облыс атынан 16 спортшы қатысып, 15 медальмен оралған. Кезекті сайыс маусым айының басында Алматы қаласында өтпек.

 

Актолкын Солтанханкызы