Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кейбір мекемелердегі пандустар талапқа сай емес

Есік алдында пандус бар, бірақ соның өзі талапқа сай емес. Ішке әзер дегенде күш салып кірген мүгедек адам ары қарай қалай көтеріледі? Облыс аумағындағы нысандардың мың 700-і мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген дейді бейінді басқарма мамандары. Алайда, көбісінде арнайы қондырғылар жарымжандар үшін ыңғайлы емес. Қоғамдық көлікке кіру де арбаға таңылған азаматқа қиындық тудырады.

Адамның бейнесі, табиғаттың көркем көріністері мен қиялға толы әлем. Елена Шаламованың қаламынан туған суреттердің барлығы бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, мына бір шығармасында ол орман жануарларын бейнелеген. Ал мына бір суретте саңырауқұлақ теріп жүрген әкесін салыпты. Суретші қыздың жалғыз қамқоршысы – әкесі. Анасы бірнеше жыл бұрын дүниеден озған.

Елена Шаламова – қала тұрғыны:

– Маған достарымның, жақын туыстарымның және табиғаттың суретін салған ұнайды. Қағаз бетіне кей кездері қиялымда елестеткен дүниелерді бейнелеймін. Туындыларымды ең бірінші әкеме көрсетемін.

Елена Шаламова дүниеге келгенде ернінде косметикалық ақау болған екен. Әкесі кемістікті емдеу үшін Мәскеуге дейін барады. Алайда, дәрігерлер оны түзей алмаған. Уақыт өте жағдайы тіптен нашарлай бастайды. Елена 4 жасқа келгенде аяқ-қолы сыздап, кенеттен тырысып қалатын болыпты. Кейін мамандар оған құздамалық полиартрит диагнозын қояды. Ол кездері медицина қатты дами қоймағандықтан дәрігерлер қауіпті дертке шипа таба алмаған. Десе де, Лена Шаламова қиындыққа қарсы тұрып, өмірге деген құштарлығын жоғалтпайды.

Владимир Шаламов – Еленаның әкесі:

– Қызым 4-сыныпқа дейін мектепке барып жүрді. Кейін, денсаулығына байланысты үйде отырып білім алуына тура келді. Лена өте зерек болып өсті. Бойындағы қабілеттерін өз күшімен дамытып отыратын.

Елена сурет салудан бөлек, өлең жазғанды да ұнатады екен. Бүгінде өзінің туындылары топтастырылған 3 кітабы жарық көріпті. Сондай-ақ, нәзікжанды мәдени іс-шараларға қатысып, қойылым, түрлі концерт пен көрмелерді тамашалағанды жаны сүйеді. Алайда, дертінің салдарынан қозғалуы қиын. Сол себепті, әсіресе, қыс кезінде үйде отырады. Жалғыз алданышы – сүйікті ісі. Сыртқа шыққанның өзінде арбамен діттеген жерге жету қиындық тудырады. Жеткенннің өзінде кейбір нысандарға әзер кіреді. Өйткені, ондағы пандустар талапқа сай етіп орнатылмаған. Ал кей жерлерде ондай дүние тіптен жоқ.

Владимир Шаламов – Еленаның әкесі:

– С.Мұқанов атындағы кітапханаға қыс кезінде кіру қиын. Өйткені, ондағы пандустің үсті өте тайғақ. Ал басқа жерлерде арбаның өтуіне арналған дүниелер жоқ. Сондықтан, қызым мәдениет ошақтарына жылына тек 2-3 рет қана барады.

Осыдан 3 жыл бұрын өңірде “Nur Otan” партиясының тарапынан мониторингтік топ құрылған болатын. Ұйым мүшелері өңірдегі нысандардың мүмкінгі шектеулі жандар үшін қолжетімділігін бағамдайды. 3 жылдың ішінде 3 мыңға жуық тексеріс жүргізіліпті.
Жалпы, облыс аумағында мүгедектерге бейімделген 1700-ден астам нысан бар.

Гүлмира Мәулетбаева – облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Мәселен, Теннис орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып барлық жағдай жасалған. Одан бөлек, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына да мүдегедектер қиындықсыз кіре алады. Алайда, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының тек бірінші қабаты ғана мүгедек адамдарға бейімделген. Ал екінші қабатына арбамен көтеріле алмайсың.

Мұндай олқылықтарды қоғамдық көліктерде де байқауға болады. Қалада тұрғындарды тасымалдауға арналған 300-ге жуық автобус бар. Десе де, оның 12-сі ғана мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген. Алайда, оның өзінде тиісті ережелер сақталмапты. Мәселен, кей автобустағы батырмалар жұмыс істемейді. Қалада осыған ұқсас кемшіліктерді тізбектей беруге болады.

Светлана Бусыгина – СҚО әкімінің штаттан тыс кеңесшісі:

– Сапаржай мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген. Алайда, мониторинг барысында кейбір талаптардың сақталмағаны анықталды. Осының өзі жарымжандарға бірталай қиындықтар туындатады. Одан бөлек, кейбір қоғамдық орындарда орнатылған шақырту түймелері жұмыс істемейді.

Айта кейік, қазір облыс орталығында жаңа қазақ театры салынып жатыр. Мәдениет ошағында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып тиісті жағдайлар жасалмақ.

 

 

Маржан Касымбек