8 Наурыз

Көлік тізгіндеген әйел

Рашида Нелюбина көлік тізгіндеп, жолаушы тасымалдаумен айналысады. Нәзікжандының жүргізуші болып жұмыс істеп жүргеніне 6 жылдан астам уақыт өтіпті. Ол күніне 30-ға жуық адамды діттеген жеріне жеткізеді.

Қалада автобус тізгіндеген әйел жалғыз, ал темір тұлпар басқаратын нәзікжандыларды жиі кезіктіруге болады. РашидА Нелюбина такси жүргізушісі болып жұмыс істейді. Іске кіріспес бұрын машинасындағы жанармай көлемін тексереді. Салон ішіндегі тазалық та басты орында. Кірлеген жерлерін сүртіп, тазалап алады. Міне, бәрі дайын. Енді жолаушыларды тасымалдауға болады.

Рашида Нелюбина – такси жүргізушісі:

– Жүргізуші болып жұмыс істеп жүргеніме биыл 6 жыл толды. Өзім колледжді аспаз мамандығы бойынша бітірдім. Дипломымды қолға алған соң сатушылықтың да шет-жағасын байқадым. Кейін такси жүргізіп көрім едім, бірден ұнады.

РашидА Нелюбина күніне шамамен 30-ға жуық адамды діттіген жеріне жеткізеді. Нәзікжанды, әсіресе, жаз айларында жұмыстың қыза түсетінін айтады. Сол уақыттары кейде таңғы 8-ден кешкі 12-ге дейін темір тұлпарымен жолаушыларды тасымалдайды екен. Ал қыста тұрғындар көбіне аязды күндері немесе бір жерге асыққанда такси шақырады.

Рашида Нелюбина қашанда жолаушыларға жылы қабақ танытып, сыпайылықпен сөйлескенді жөн көреді. Темір тұлпарға отырған адам әңгімешіл болса, уақыттың қалай тез өткенін байқамай қаласың дейді келіншек.

Рашида Нелюбина – такси жүргізушісі:

– Кей тұрғындар жұмысында болып жатқан қиындықтарымен бөліседі. Тағы бірі жеке мәселелерін айтып жатады. Ондай жағдайда қолымнан келгенше сырласып, пайдалы кеңес беруге тырысамын.

Рашида Нелюбинаның жолдасы да жүргізуші болып жұмыс істейді екен. Отау құрғандарына биыл 5 жыл толыпты.

Рашида Нелюбина – такси жүргізушісі:

– Қала айтарлықтай үлкен емес. Жолда жүргенде күніне бірнеше рет күйеуімді көріп тұрамын.

Нәзікжанды шақыртудың мереке күндері де көп түсетінін айтады. Сондықтан, РашидА Нелюбина да 8-ші Наурызда көлік тізгіндеп, жолаушы тасымалдаумен өткізуді жоспарлап отыр.

 

 

 

 

Маржан Касымбек