Қоғам

Қалада үй аулаларын қардан тазарту жұмыстары жалғасуда

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Үйдің маңын қардан тазарту жұмыстарына тұрғындар жауапты. Алайда, арнайы техниканы жалдау арзан дүние емес. Осы орайда Абай көшесіндегі үйлердің бірінде тұратын жерлестерімізге тұрғын үй инпекциясы бөлімінің мамандары көмектескен.

Өзгеден емес, өзіңнен баста. Абай көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғындары қолдарына күрек алып ауладағы қарды аршып жатыр. Бас-аяғы 3-ақ адам болса да бұның өзін бір ұйымшылдық деп айтсақ артық ертпес. Өйткені, кей уақытта көпқабатты баспаналарда тұратын жұмысбасты жандарды есік алдын тазалауға жұмылдыру қиындау болып жатады.

Василий Дмитриев – қала тұрғыны:

– Осында тұрып жатқаныма 10 жылдай болды. Өзімнің екі балам бар. Олар аулаға шығып ойнайды әрі қариялар орындықтарға отырып таза ауамен тыныстайды. Өзіміздің ғана емес, өзгенің де жеңіл жүріп-тұруы үшін ер азаматтар жиналып, қарды бірге аршып жатырмыз.

Қар көп, ал оны тазалау бірер минуттық емес, бірнеше сағаттық жұмыс. Қуыс-қуыста тығылған ақ ұлпа ортаға қарай лақтырылды, енді үймені техникаға артып, сыртқа шығару керек. Осы ретте пәтер иелері кооперативі тұрғын үй инспекциясына жүгінген.

Раиса Хроменко – “Мечта-СК” ПИК төрайымы:

– Жұмыс көп. Өзім төрайым болып былтыр тамыз айында ғана сайландым. Маған беріліп отырған аумақ үлкен, шамамен 2 мың шаршы метрді құрайды.

Коммуналдық кәсіпорын тарапынан ауладағы қар тазалау жұмыстарына 10 адам мен 3 техника жұмылдырылды.

Ерсайын Альясов – қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы:

– Пәтер иелері кооперативінің төрайымы жағдайды айтып біздің бөлімге жүгінді. Бұл азаматша өз ісіне зор жауапкершілікпен қарайды. Жүктелген міндетті уақытылы орындап тұрады. Сол себепті, біз де қажетті деген қызметкерлермен қамтамасыз етіп отырмыз.

Сөз соңында айта кетсек, егер пәтер иелері кооперативінің төрайымы қар тазарту жұмыстарына жауапты кәсіпорындарға тікелей жүгінсе бұл қызмет ақылы болады екен. Яғни, шамамен 70 мың теңге тұрар еді. Ал инспекция бөлімінің араласуымен бүгін бұл шаруа 40 мың теңгеге тындырылыпты.

Актолкын Солтанханкызы