ТЖ

2 қала тұрғыны өрттен қаза тапты

Шырт ұйқыдағы ағайынды 2 ер адам түтінге уланып, мерт болды. Петропавлда тағы бір өрт оқиғасы тіркелді. Бұл жолы қызыл жалын 4 үйлі баракта бас көтерген. Салдарынан 74-ші және 78-ші жылы туған қала тұрғындары қаза тапты.

Өрт түнгі сағат 1-лер шамасында басталған. 4 үйлі барактың бір бөлігінде 46 жастағы ер адам мен оның 42-дегі інісі тұрған. Отты ең бірінші болып көшеде жүрген бөгде біреу байқап, көршісі Гүлжан Имановаға хабар берген. Ол бірден ұйқыда жатқан басқа да көршілерді оятып, өрт сөндірушілерге қоңырау соғыпты.

Гүлжан Иманова:

– Ұйықтап жатқан кезімде үйді күшігін қыдыртып жүрген бөгде біреу тоқылдатты. Сыртқа шығып қарасам, көршімнің баспанасы өртеніп жатыр екен.

Құтқарушылар оқиға орнына 7 минутта жетеді. Бірден 10-ға жуық адамды қауіпсіз жерге көшіріп, үйлердің ішінен 2 газ баллонын сыртқа шығарған. Өкінішке қарай, ұйқыда жатқан ағалы-інілі түтінге уланып, мерт болды.

Дмитрий Растихин – Петропавл қалалық ТЖБ бастығы:

– Өртті сөндіруге 3 техника мен 13 құтқарушы жұмылдырылды. Қызыл жалынды сағат 1-ден 20 минут кеткенде ауыздықтадық. Үйдің верандасы, төбесі мен ас бөлмесі толығымен жанып кетті.

Дәл қазір мамандар оттың шығу себебін анықтап жатыр. Арнайы құралдың көмегімен өрттің электр тізбегінің қысқа тұйықталуынан орын алмағандығы белгілі болды. Тілсіз жау марқұмдардың отты дұрыс қолданбау салдарынан пайда болса керек.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыс аумағында осымен 77 өрт оқиғасы тіркеліп отыр. Тілсіз жаудан 11 адам адал құшты. Оның 2-уі – бала.

Құтқарушылар солтүстікқазақстандықтарға қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды қатаң ескертеді. Оған қоса, алдағы демалыс күндері жер үй тұрғындарына арнап рейд шараларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Маржан Касымбек