Қоғам

Қызыл Ай қоғамы жергілікті филиалының өкілдері бас қосты

Қайырымды жандардың бірлестігі. Қызыл Ай қоғамының жергілікті филиалының мүшелері бас қосып, соңғы 8 жылда атқарған жұмыстарын қорытындылады. Осы уақыт ішінде ұйым талай отбасыға жәрдемдесіп, қиын жағдайда қалғандарға қол ұшын созған.

Қызыл Ай қоғам барша қазақстандықтарға жақсы таныс. Ұйымның елімізде құрылғанына 85 жылдан асқан. Осы уақыт ішінде бірлестік қайырымды жандарды бір жерге тоғыстырып, көмекті қажет ететін адамдарға қол ұшын созған. Әр 8 жыл сайын қоғам мүшелері атқарылған шаруаларын қорытындылайды. Есеп беретін уақыт жетті.

Сәуле Оразова – ҚР Қызыл Ай қоғамының СҚОФ директоры:

– Біз өңіріміздегі мұқтаж жандарды өзіміздің қанатымыздың астына алдық. Барынша көмек көрсетуге тырысамыз. Біріне – азық-түлік, киіммен, енді біріне қаражатпен жәрдемдесеміз.

Бүгінде қоғамның белсенді 120-ға жуық мүшесі бар. Көмек көрсету керек болғанда, олардың қатарын тағы жүздеген ерікті толықтырады екен. Мұндай ұйымшылдықты қайырымды жандар 2017 жылғы тасқын кезінде танытқан. Бірлестік эвакуацияланған халықты бірден тамақ, киіммен қамтып, барынша қамқорлықтарын білдіріпті. Өңірдегі жағдайдан хабардар болу үшін Қызыл Ай қоғамы төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істейді. Көмекті тек қызыл су келгенде емес, жылыту маусымында да көрсетеді екен.

Дмитрий Растихин – Петропавл қалалық ТЖБ бастығы:

– Қызыл Ай қоғамы бізге үнемі көмек көрсетеді. Өрт оқиғасы немесе тасқын су орын алған жағдайда зардап шеккендерге қол ұшын созады. Қыста еріктілермен бірге жер үйлерді аралап, сақтық шараларын түсіндіреміз. Мектептерге барып, алғашқы көмек көрсету жайын айтамыз.

Шара соңында Қызыл Ай қоғамы белсенді азаматтарды марапаттап, атқарып жатқан шаруалары үшін алғыстарын білдірді.

 

Эльмира Садвокасова