Көлік және жолдар

Трассаларда қар тазалау жұмыстары дұрыс атқарылмаған

Жол бойын қардан тазалау жұмыстары дұрыс атқарылмаған. Нәтижесінде көктайғақ орын алған, жолдың қыртысы да бұзыла бастаған. Бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті мамандары кезекті рейд өткізді. Олар облыстық және республикалық маңызға ие жолдарды тексерді.

Бұл Қызылжар ауданына қарасты Новокаменка мен Боголюбово арасындағы тас жол. Ол облыстық маңызға ие. Ұзындығы 21 шақырымды құрайды. Қар тазалау жұмысы уақытылы жүргізілмегендіктен трассаның бетінде мұз қатып, көктайғаққа айналған.

Еркен Әбілмәжінов – Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы облыстық филиалының жол құрылысы бойынша инженері:

– Қар трассаның жиегінен дұрыс тазаланбаған. Жылы күндері ол еріп, жолдың бетіне қарай ағып жинала береді. Ал су қатқан соң көктайғақ орын алады. Бұл, әрине, көліктердің қозғалысына кедергі келтіреді.

Қатқан мұз жолдың сапасына да әсерін тигізбей қоймайды екен. Күндіз қар еріп трассаның бетіне ағады. Кейін еріген су тас жолға сіңеді. Ал суық түнде ол мұзға айналып, көлемі ұлғаяды. Сол себепті, жолдың беткі қыртысы жарылып, шұңқыр пайда болады екен. Бұған жол бермес үшін трассаның тазалығына жауапты мердігерлер өз істерін уақытылы атқарулары тиіс дейді мамандар.
Ал бұл – Прибрежное селосына апаратын тас жол. Мұндағы жағдай да алдыңғысымен бірдей. Жауапты мердігер жолдың жиегіндегі үйінділерді тазаламайды екен. Нәтижесі көрініп-ақ тұр. Жолдың беті көктайғақ.

Еркен Әбілмәжінов – Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы облыстық филиалының жол құрылысы бойынша инженері:

– Көктайғақты жою үшін жолдың үстіне тұз араласқан құм себеміз. Мына жерде себілмеген секілді. Бірақ, қар еріп инертті материал жойылып кеткен де шығар.

Облыстық маңыздағы жолдардардың жайы осындай болса, республикалық трассалардағы жағдай сәл жақсырақ. Мұнда жолдың жиегінде қар аз, бірақ қалаға кіреберісте мынадай үйінділер жатыр.

Дамир Хабибулин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

-Біз тексерген 3 учаскіде де мердігерлердің шарттық міндеттемені толық орындамағандарына көз жеткіздік. Жолдың жиегінде үйілген қар жатыр. Ол еріген соң көктайғақ орын алып, жолдың қыртысы да бұзыла бастайды. Мұның арты жол-көлік апатына әкеліп соқтыруы мүмкін.

Жіберілген кемшіліктер үшін шара қолданамыз дейді мамандар. Олар рейд нәтижесі бойынша ұйғарым әзірлеп, оны облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жөнелтеміз деп отыр.

 

 

 

Бердимурат Баймухан