Әр түрлі

СҚО-да 19 гидробекет жұмыс істеуде

Биылғы қыс әдеттегіден жылы болды. Сондықтан, қызыл су да ерте келеді деп күтілуде. Естеріңізге сала кетейік, өңіріміздегі 92 елді мекенді тасқын басу қаупі бар. Синоптиктерге уақытылы әрі дәлірек болжам жасауда 19 гидробекеттің септігі тиюде. Олардың 5-уі – үстіміздегі жылдың басында орнатылған.

Болжам жасап, көктемгі тасқынның көлемін анықтап, тиісті қызмет мамандарына баяндау. Бұл – “Қазгидрометтегі” гидрологтардың жұмысы. Күніне екі мәрте олар су қоймаларындағы жағдайды байқап, бағамдайды.

Өзеннің ағыс жылдамдығын, мұздың қалыңдығы мен температураны тексереді. Осылайша, қардың қашан еріп, судың қашан келетінін түсінуге болады. Анықтау оп-оңай. Мамандар мұздың бетінен ойық жасап, суға арнайы құрылғыны тастайды.

Фархад Гайнулин, “Қазгидромет” РММ СҚОФ гидрологиялық бекетінің бақылаушысы:

– Құрылғыны суға тастағаннан кейін бір минут күтеміз. Кейін өзен ағысының жылдамдығын анықтауға болады. Барлық қажетті мәлімет құрылғыда көрсетіледі. Оны жазып алып, тиісті мамандарға береміз. Жаңа гидробекеттерден алынатын мағлұмат дәлірек болмақ.

Синоптиктердің сөзінше қыс жылы болғандықтан, Есілдегі мұздың қалыңдығы өткен маусыммен салыстырғанда 13 см-ге кем екен. Бұл нені білдіреді? Яғни, судың қозғалысы ертерек басталмақ. Сондықтан, гидробекеттерді көбейту қажеттілігі туындап отыр. 2019-да олардың саны өңір бойынша 14 болса, биыл тағы 5 кешен іске қосылмақ.

Дәурен Кощугулов, “Қазгидромет” РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Биыл СҚО-ның оңтүстік-батыс бөлігіне жауын-шашын мөлшері 2-2,5 есеге дейін көп түсті. Жалпы, қазір өңірдегі гидрологиялық жағдай қалыпты.

Бүгінде Сергеев су қоймасының толуы – 95, Петропавл торабында 88 пайызды көрсетуде.

 

Эльмира Садвокасова