Денсаулық сақтау

Профилактикалық шаралар күшейтілуде

Қазіргі уақытта әлем бойынша коронавирус дертін жұқтырғандардың саны 90 мыңға жеткен. Қазақстанда, қуанышқа орай, аталған қауіпті ауруға шалдығу фактілері тіркелген жоқ. Десе де, жағдай жіті бақылауда. Жуырда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елордада 8 Наурыз мерекесіне орай жоспарланған салтанатты шара мен концертті өткізуге тыйым салды. Теріскей өңірінде де алдын алу шаралары күшейтілуде.

Қытайдан бастау алып, күллі адамзатты түршіктірген коронавирус жайы өзекті мәселеге айналғалы қашан. Облысымызда эпидемияның алдын алу шаралары үздіксіз жүргізілуде. Мәселен, коронавирустық инфекция таралған елдерден келген адамдар 14 күнге карантинге орналастырылып, одан кейін 10 күн бойы медициналық бақылауда болады екен.

Тимур Сұлтанғазиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Қаңтар мен наурыз аралығында Қытай Халық Республикасы мен Оңтүстік Азиядан мемлекеттік шекараның өткізу бекеттері арқылы облысқа 232 адам келді. Оның 11-і – студент. Тексеру нәтижесі бойынша олардан ешқандай вирус табылмады. Инфекцияның алдын алу мақсатында өңірімізге өзге елдерден келген жолаушыларды әуежайда, вокзалдарда скринингтен өткізу, тексеру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.

Қытай үкіметі адамдардың өмірін қиып жатқан жаңа вирустың жолын бөгеу үшін 11 млн-нан астам тұрғыны бар Ухань қаласын жапты. Оған қазір көлік жүрмейді, ұшақтар ұшпайды, кемелер қатынамайды. Бұдан инфекцияның қаншалықты сорақы екендігін аңғаруға болады.
Аталмыш вирус тез таралып жатқандықтан мемлекеттер, оның ішінде біздің еліміз де сырқаттан сақтанудың амалын қарастыруда. Мәселен, теріскей өңірінде эпидемияға қарсы бірқатар профилактикалық іс-шаралар іске асырылған.

Тимур Сұлтанғазиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Әлемде коронавирус пайда болғалы бері дәрігерлерді оқыту, дәрі-дәрмек алу, тұрғындарға инфекциядан қорғану туралы түсіндіру жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде 500-ге тарта ақ халатты маман арнайы курстан өтіп, 7,5 млн теңге көлемінде дәрі сатып алынды. Сондай-ақ, жергілікті ауруханаларда арнайы 300-ге жуық орын дайындап қойдық.

Мамандар әлемде коронавирус өршіп тұрған шақта шекара асып, өзге елдерге қыдырып бармау керектігін жарыса айтып жатыр. Өйтпеген жағдайда дертті жұқтырып алу қаупі бар. Инфекциядан сақтанудың бірінші жолы – ол маска кию. Оған сұраныс жоғары болғандықтан, қаламызда бетперде тапшылығы туындап, халық осы мәселеге алаңдаушылық танытқан еді. Брифингіде мамандар маскаға тапсырыс берілгендігін жеткізді. Демек, түйткіл жақын арада өз шешімін таппақ.

 

 

Алина Нұртазина