Балалар

Петропавлда дрон құрастырудан жарыс өтті

Оқушылар сарайында IT-технолологиялар апталығы аясында ұшқышсыз ұшу аппараттарының байқауы ұйымдастырылды. Оған жергілікті мектеп оқушыларынан құралған 6 топ қатысты. Жас инженерлер дронды жинау, оны бағдарламалау бойынша сынға түсті.

Шашылып жатқан темір-терсек, түрлі бұранда. 20 минуттың ішінде бұның бәрі тұтасып, дронға айналуы тиіс. Келбеті дронға ұқсап қана қоймай, ұшуы керек. Құралды ұшыру үшін айналмалы қанаттарынан бөлек, арнайы бағдарлама жазу – міндет. Сайыс өзгеше, қатысып жатқан топтардың да атаулары ерекше.
Мынау – “Изи” командасы. Жергілікті НЗМ жастарынан құралған.

Нұртуған Қайратов – Химия-биология бағытындағы НЗМ оқушысы:

– Дрон жинау сайысы қызықты өтіп жатыр. Бұған дейін өзіміздің мектебімізде дронды жинап көргенбіз. Бүгін сайыста жеңіске жетеміз деп ойлаймын.

Мына команда “220 Вольт” деп аталады. Олар үшін дрон жинау таңсық дүние емес екендігі топтың сенімді атауынан сезіліп тұрған сияқты. Әрине, өздері кішкентайынан робототехника үйірмесіне қатысады екен. Жеңістен үмітті. Жас өнертапқыштар жеңіске жету үшін абдырамай, жүйелі жұмыс істей білу керек дейді. Мәселен, 10 жасар Илья Амелин дронды бағдарламалауға жауапты.

Илья Амелин – №4 орта мектебінің оқушысы:

– Дрондарды бағдарламалаумен 1 жыл айналысамын. Бұл іс өзіме ұнайды. Оқушылар сарайында 3 бірдей үйірмеге қатысып жүрмін. Барлығы да электроникамен байланысты. Біраз нәрсе үйрендім. Болашақта өмірімді ІТ-технологиялармен байланыстырмақшымын.

Сонымен, 20 минут тәмам. Дрон дайын. Қазылар алқасына таныстырылды. Маңызды сәт – темір қанатты құралды ұшыру керек.

Нұрзия Майлина – Оқушылар сарайы директорының орынбасары:

– Бұл сайыс ақпараттық технологиялар онкүндігі аясында өтіп жатыр. Балалардың көңілінен шыққан сыңайлы. Енді дәстүрге айналдырмақ ниеттеміз. Алдағы уақытта дрондар шоуын ұйымдастырамыз. Онда заман игілігінің барлық түрлерін және мүмкіндіктерін көрсеткіміз келеді.

Айта кетейік, Оқушылар сарайындағы ІТ-үйірмелердің саны бүгінде 70-тен асып отыр. Робототехниканың қыр-сырын меңгеруге 2 мыңға жуық бала барып жүр екен.

 

 

 

 

Ешкенова Дана