МТРА жаңалықтары

Облыстық әкімдік отырысы өтті

“Серпін” бағдарламасы бойынша білім алған студенттер жұмыс іздеп дал. 2018 жылы түлектердің – 20, 2019-да 25 пайызы екі қолға бір күрекпен қамтылмаған. Мұндай проблема биыл да туындауы мүмкін. Кейбір басқармалар болашақ мамандарды қызметке тұрғызуға тырысып жатса, енді бірі қол қусырып отыр. Мәселе бүгін әкімдік отырысында қаралды.

Қытайда – 80 мың, Оңтүстік Кореяда – 5 мың, Италияда – 2 мың, Иранда – мың жарым адам. Бұл – наурыздың үшіндегі коронавирусты жұқтырған жандарға қатысты статистика. Жалпы дерт 72 мемлекетке тарапты. Сондықтан, қазір барлық Жер шарында күрес пен сақтық шаралары күшеюде. Соңғыларының қатарында Қазақстан да бар.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– ҚХР және Азия елдерінен 232 адам келді. Олардың ішінде 11-і – студент. Бәрі инкубациялық кезеңнен өтіп, мониторингтен шығарылды.

Екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Ақ халаттылар да сақадай-сай. Қытаймен шекара жабық. Ендігі – жауапкершілік әр адамның өзінде.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Алда мереке күндері мен балалардың демалысы бар. Сондықтан, алыс сапарға жиналған отбасылар бар шығар. Қазір турагенттіктерде шетелге шығу құны коронавирусқа байланысты төмендеді. Бірақ, сапарға шықпас бұрын барлықтарыңызды ойлануға шақырамын.

Иә, Хайнаньға барып-келу үшін қазір адам басына 100 мың теңге ғана керек. Бірақ, бұл – жарнама емес, ескерту. Арзан отбасылық демалыстың арты ертең неге әкеп соқтыратынын айту қиын. Сондықтан, денсаулық пен амандықты бірінші кезекке қойып, әлемдегі жағдайдың тұрақталуын күткен абзал. Коронавирустан қорғанудан бөлек, қазақстандықтарды қызыл судың жайы да алаңдатады. Әсіресе, еріген қар теріскейге қауіп төндіріп тұр. Тасқынның алдын алу шараларына қазір құтқарушылардан бөлек, волонтерлер де тартылып жатыр. Олардың саны бүгінде 2500-ді құрайды. Жастар жалғызбасты қарттардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың ауласын қазір жаппай қардан тазалауда. Қыстың басынан бері еріктілер 193 қарияға қолғабыс етіпті. Бірақ, бұл өте аз дейді өңір басшысы. Көмекке мұқтаж адамдар әлі де баршылық. Олардың барлығын қамту қажет.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 193 ауланы қардан тазартыпсыздар. Бұл өте аз. Шаруаны белсендірек атқару қажет. Жалпы, еріктілердің санын арттыру керек. Германия тұрғындарының 31 пайызы волонтерлік жұмысқа тартылған. Ұлыбритания халқы да аталған шараға белсенді араласады. Олардың барлығы бірдей жастар емес. Себебі, шаруаға зейнеткерлер де қатыса алады ғой.

Қатыса алады. Себебі, волонтерлік деген тек қар тазалау емес. Олар ЭКСПО, өңіраралық форум сынды ауқымды шараларды ұйымдастыруға ат салысады, іс-түссіз жоғалған жандарды іздейді. Ел Президенті еріктілер жұмысының 7 бағытын бекітіп берді. Оның ішінде медицина мен білім де бар. Мәселен, соңғысы бойынша балаларды ҰБТ-ға дайындап, ағылшын тілін тегін үйретуге де болады. Бұл да волонтерлік. Жыл соңына дейін белсенді азаматтардың санын өңірде 5 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Межені орындауға әлі 10 ай уақыт бар. Бірақ, бастысы – қағаздағы есеп емес, халықтың шын ниеті. Жұмыс істеу ниеті “Серпін” бағдарламасы бойынша оқу бітірген түлектерде бар. Бірақ, оларға сол жұмыс жоқ.

Жанар Таласпаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры:

– Білім беру бағытының 10 мамандығы бойынша 2018 жылы 127 студент оқу бітірді. 80 пайызы жұмысқа орналасты. 2019 жылы 245 адам оқу бітірді. 75 пайызы жұмысқа орналасты.

Ал биыл “Серпін” бағдарламасы бойынша 203 түлек түлеп ұшпақ. Қазір олар дипломдық жұмыстарын жазып, үлкен өмірге дайындық үстінде. Алайда, оқу бітірген соң кейбір мекемелерге жастардың дипломы керек болмауы да мүмкін.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрылысшы мамандығы бойынша биыл 9 түлек оқу бітіреді екен. Бірде-бірін әлі жұмысқа орналастыру жоспарланбаған. Неге? Бізде құрылысшылар көп пе? Құрылысшылармен кездескенде мамандар жоқ деп айтады. Үнемі естимін.

Құрылыс басқармасы түлектер туралы ақпаратты тиісті компанияларға жолдапты. Қазір кәсіпорындар болашақ маманның қажет-қажет еместігін қарастырып жатыр дейді Серік Мұхамедиев. Кадр тапшылығын олар ұмытқан болар, тек білікті қызметкерлерді алуға құлықты. Сонда жастар не істемек? Көлік, мәдениет және индустриялық-инновациялық даму басқармаларын да болашақ мамандардың жайы алаңдатпайтын көрінеді. Олар да компанияларға жәй құжаттарын жіберіп, жауаптарын күтіп отыр. Ал, міне ветеринария мен ауыл шаруашылығы болса, бұл істе – белсенді. Мәселе, білім саласында да шешіліп жатыр.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– 2020 жылы 203 студент аяқтайды. Оның 102-сі – педагогтар. “Серпін” бағдарламасы бойынша бітірген түлектерге 99 бос жұмыс орны қарастырылуда.

Бұл ретте медальдің екінші жағы да бар. Кейбір студенттер мамандықты жаңылысып таңдайды, кейін жұмысқа орналасуы да қиын болады. Сондықтан, мектептегі кәсіби бағдар беру жұмыстарын 9-шы сыныптан емес, 6-дан бастау керек дейді Құмар Ақсақалов. Тағы өңір жетекшісі басқарма басшыларын / түлектердің жұмысқа орналасуы бойынша есепті ай сайын беруге міндеттеді.

 

 

Эльмира Садвокасова